Елімізде бейнебақылау камераларына бірыңғай стандарт бекітілді: Не өзгерді және қандай ерекшеліктер бар?
Енді көше камералары адамды бет-әлпетімен қатар жасы, жынысы, киімі, сондай-ақ қару мен түтін белгілері арқылы автоматты түрде анықтайтын болады.
Қазақстанда алғаш рет бейнебақылау камераларына бірыңғай талаптар бекітілді: 1 қыркүйектен бастап күшіне енетін жаңа стандарт қандай өзгерістер әкеледі? BAQ.KZ тілшісі бейнебақылау жүйелеріне қойылған бірыңғай талаптар мен оның жұмыс істеу тетіктерін анықтап көрді.
Осы уақытқа дейін елімізде бейнебақылау жүйелеріне арналған жеке ұлттық стандарт болмаған. Енді барлық талаптар бір құжатқа біріктірілді.
Стандарт Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2026 жылғы 17 шілдедегі бұйрығымен бекітілді. Құжатты әзірлеуді Ұлттық қауіпсіздік комитеті бастамашы етіп көтерген. Бұл жұмыс 2026 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспарына енді.
Ішкі істер министрлігі бұл құжат бейнебақылау жүйелерін жобалау, салу және реконструкциялау кезінде қолданылатын бірыңғай талаптарды белгілейтінің жеткізді.
Стандарттың басты мақсаты – жабдықтардың өзара үйлесімділігін арттыру және бейнекамераларды таңдау мен пайдалану талаптарын бірыңғайлау. Қазіргі уақытта осы стандартты іс жүзінде жүзеге асыру бойынша тиісті нормативтік-құқықтық шаралар жұмыстары жүргізілуде, – деп мәлімдеді ІІМ.
Камералар міндетіне қарай жіктеледі
Сауда және интеграция министрлігі өкілдерінің мәліметінше, аулаға бақылау жасайтын камера адамның бет-әлпетін немесе көлік нөмірін танитын жабдыққа теңестірілмейді. Жаңа стандарт бейнекамераларды алғаш рет мақсаты бойынша жіктейді.
Сыртқы аумақтар мен ішкі үй-жайларды бақылауға арналған жеке талаптар қарастырылған. Басқа санаттарға адамдарды анықтау және сәйкестендіру, автомобильдердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тану камералары және басқарылатын құрылғылар кіреді.
Ішкі істер министрлігі ресми сауалға берген жауабында бұған дейін бейнебақылау жүйелерінің бірыңғай стандартының болмауы деректерді жинау мен өңдеу процесін баяулатып, жұмыс барысына кедергі келтіргенін алға тартты.
Бірыңғай стандартының болмауы деректерді жинау мен өңдеу процесін баяулатып, жедел іс-қимылдардың тиімділігіне белгілі бір деңгейде кедергі келтірді және бейнебақылау жүйелері сол кезеңдегі қолданыста болған нормативтік-құқықтық актілермен бекітілген техникалық стандарттарға сәйкес орнатылды және пайдаланылды. Алайда, қазіргі уақытта енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер мен бірыңғай жүйе бұл жағдайды түбегейлі өзгертеді, – деді ведомство өкілдері.
Құжатта камералардың түрі, құрылымы бойынша да біркелкі стандарттар енгізілді. Енді тұрғын үй, көшелерге, дүкендерге кез-келген бейнебақылау камерасын орната беруге болмайды. Жабдықты таңдау кезінде матрица түрін, ажыратымдылықты, жарық сезгіштігін, кадр жиілігін және объектив сипаттамаларын ескеру қажет. Стандарт жұмыс температурасының диапазонын, сондай-ақ шаңнан, ылғалдан және басқа да сыртқы әсерлерден қорғау класын анықтайды.
Стандарттың жаңалықтарының бірі – бейнекамералардың техникалық сипаттамаларына қойылатын бірыңғай ең төменгі талаптарды белгілеу, – деді Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова.
Жазбалар кемінде бір ай сақталуы тиіс
Енгізілген талаптар жекелеген камераға емес, бүкіл бақылау жүйесіне қатысты. Жаңа стандарт бойынша енді жазбаларды сақтаудың ең төменгі мерзімі 30 тәулікті құрайды. Жүйелер деректер алмасудың заманауи хаттамаларын қолдауы және ұлттық ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай болуы қажет.
Енді әртүрді камера өндірушілердің жабдықтары өзара үйлесімді болуы қажет. Бұл болашақта бұрын орнатылған техниканы толық ауыстырмай-ақ, камераларды цифрлық мониторинг жүйелеріне қосуға мүмкіндік береді.
Камералар қандай жаңа мүмкіндіктерге ие болды?
Стандартта бейнеаналитика жұмысы да қарастырылды. Бұдан былай бейнебақылау жүйелері бет-әлпетті тани алады, көлік құралдарының мемлекеттік нөмірлерін оқи алады және оқиғаларды тіркей алады.
ІІМ Жаңа жүйеге енгізіліп жатқан жасанды интеллект алгоритмдері полиция қызметіне жоғары технологиялы мүмкіндіктер беретінін алға тартты.
Енді тұлғаларды тек бет-әлпеті бойынша ғана емес, жынысы, жасы, сақалының болуы, көзілдірік, маска немесе бас киімі сияқты нақты атрибуттар бойынша жедел іздеуге болады. Көлік құралдарын тек мемлекеттік нөмірімен емес, оның түсі, маркасы және моделі сияқты сипаттамалары бойынша автоматты түрде тану және талдау мүмкіндігі пайда болды, – деп түсіндірді ІІМ.
Бұған қоса, жүйе қоғамдық орындарда тасталған заттарды, қаруды, адамдардың шамадан тыс жиналуын, тіпті түтін мен өрт белгілерін нақты уақыт режимінде анықтап, жедел хабарлауға және қалалық тазалыққа қайшы әрекеттерді тіркеуге мүмкіндік береді.
ІІМ ұсынған деректерге сәйкес, қазір цифрлық технологияларды қолдану арқылы қылмыстық құқық бұзушылықтардың ашу деңгейі 72,7% құрайды.
Министрліктің мәліметінше, заманауи бейнеаналитика мен жасанды интеллект технологияларын енгізудің нәтижесінде іздеуде жүрген тұлғаларды, пробациядағыларды, жоғалғандарды және миграциялық заңнаманы бұзушыларды анықтау тиімділігі айтарлықтай артқан. Бұл бағыттағы пилоттық жоба 2024 жылдың соңында іске қосылды.
Жүйенің жұмыс нәтижелері бойынша пилоттық кезеңнен бастап жалпы 2 мыңға жуық адам анықталды. Нақтырақ айтқанда, 2024 жылдың соңы мен 2025 жыл аралығында 1 мыңнан астам адам анықталып, ұстауға алынса, 2026 жылы 800-ден адам тұтқындалған.
Ведомоствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта еліміз бойынша Ұлттық бейнебақылау жүйесі енгізілуде, оның аясында 48 мыңнан астам камера бейнеаналитика функциясымен жабдықталды.
Бұл жобаның басты мақсаты – видеоаналитиканы тек жолдармен шектемей, стратегиялық маңызды нысандар мен қоғамдық орындарға, соның ішінде әуежайларға, вокзалдарға, қонақ үйлерге, мешіттер мен сауда орталықтарына кеңінен енгізу, – деп мәлімдеді министрлік.
Жаңа талаптар жаңа объектілердің жобаларына қаланатын немесе ғимараттар мен құрылыстарды реконструкциялау кезінде орнатылатын камералар мен бейнебақылау жүйелеріне қолданылады.