Елімізде бес теміржол вокзалының жөндеу жұмыстары аяқталды
Бес теміржол вокзалын – Екібастұз, Павлодар, Шымкент, Қызылорда және Түркістан қалаларындағы теміржол вокзалдарын жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында Үкімет авиация және теміржол салаларындағы инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Көлік министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы Қызылорда мен Түркістандағы вокзалдарды жөндеу аяқталған. Сондай-ақ былтыр Шымкент пен Павлодар вокзалдары жаңартылды. 2025 жылғы 28 ақпанда Екібастұз вокзалын реконструкциялау аяқталды.
Реконструкциялаудың негізгі параметрлері:
Павлодар вокзалы: Өткізу мүмкіндігі тәулігіне 3,5 мыңнан 4,5 мың адамға дейін ұлғайтылды. Аумағы 4900-ден 5400 шаршы метрге дейін кеңейтілді.
Шымкент вокзалы: Өткізу мүмкіндігі тәулігіне 2 мыңнан 6 мың адамға дейін үш есе артты. Аумағы 1770-ден 2250 шаршы метрге дейін кеңейтілді.
Екібастұз вокзалы: Өткізу мүмкіндігі тәулігіне 1,5 мыңнан 2,5 мың адамға дейін ұлғайтылды. Аумағы 2395-ден 2505 шаршы метрге дейін кеңейтілді
Вокзалдарды реконструкциялау жолаушылардың жағдайын едәуір жақсартуға және сапардың жайлылығын арттыруға мүмкіндік берді, - деп жазды министрліктен.