Елімізде бензиннің шекті бағасы бекітілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылғы 14 шілдеде  Энергетика министрлігінің «Мұнай өнімдерінің тізбесін бекіту туралы», сондай-ақ «Мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу туралы» бұйрықтары күшіне енді.

Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бұйрықтарға сәйкес Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында Аи-92 және Аи-93 маркалы бензиннің шекті бағасы литріне 187 теңгені құрайды, Қазақстанның басқа облыстарында бағалар бұрынғы 182 тг/литр деңгейінде сақталады. Екі облыста бағаны түзету бөлшек-сауда сатушылардың мұнай өнімдерін өндіруші зауыттардан алыстығынан логистикалық шығындармен байланысты.

Сондай-ақ мұнай өнімдері тізбесінен Аи-95 маркалы бензиннің бағасын мемлекеттік реттеу алынып тасталды, өйткені Аи-95+ және жоғары өнімдерді өндіру кезінде қымбат тұратын импорттық қоспалар мен бензиндердің жоғары октанды компоненттерінің үлкен шығыны талап етіледі. Импорттық қоспалардың бағасы мұнай бағаларымен және валюта бағамдарымен байланысты.

Бұйрыққа сәйкес дизель отынына шекті бағалар өзгермейді және Қазақстанның барлық өңірлерінде бұрынғы деңгейде қалып отыр: Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша, сондай-ақ Абай облысында баға литріне 260 теңгені құрайды, ал Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Шымкент, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Жетісу, Ұлытау облыстарында – литріне 230 теңге.

Бұйрық жобалары 2022 жылғы 23 маусымда «Ашық НҚА» сайтында 2022 жылғы 8 шілдеге дейін онлайн-талқылау мүмкіндігімен жарияланды. Аккредиттелген сараптамалық ұйымдармен келісу кезеңінен өтті, сондай-ақ Қоғамдық кеңесте қаралды.

Бұйрықтар күнтізбелік 180 күнге жарамды болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы