Елімізде “Бекіре” акциясы жалғасып жатыр
“Бекіре” республикалық балық қорғау акциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
9 сәуірде жедел ақпарат бойынша полиция қызметкерлері Жаңаөзен қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде тінту жүргізіп, 100 кг астам балық тәркіледі, оның ішінде 1,5 кг бекіре балығы.
10 сәуірде Маңғыстау облысының Ақтау – Форт-Шевченко автожолында полицейлер Lada 2111 автокөлігін тоқтатты. Алайда жүргізуші заңды талаптарды елемей, қозғалысты жалғастырған. Сондай-ақ ол көлігінен заңсыз ауланған балықты лақтырып тастаған. Қаскүнемдер жалпы салмағы 63 кг болатын 7 бекіре балығын алып өтпек болған. Заттай дәлелдемелер тәркіленіп, автокөлік айыптұрағына қойылды.
11 сәуірде Атырау облысында УАЗ автокөлігін тексеру барысында полиция салоннан 4 қап, яғни 25 бекіре балығын анықтады. Оның жалпы салмағы 90 кг құрады. Бұл фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 339-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Баптың санкциясы 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді, – деді ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Төлеубай Мұхамадиев.
12 күннің ішінде браконьерлік фактілері бойынша 18 қылмыстық іс қозғалды. 64 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер органдары Ауыл шаруашылығы министрлігі және ҰҚК шекара қызметінің аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, браконьерліктің жолын кесу үшін Каспий теңізінің маңында патрульдеуді күшейтті.