Елімізде баспана бағасы арзандаған
Отандық жылжымайтын мүлік нарығындағы сарапшылардың айтуынша, елімізде баспанаға деген сұраныс біртендеп төмендей түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
forbes.kz сайтының жазуынша, мұның сырын олар бұған дейін нарық ішін кеңінен қамтыған зейнетақы ақшасының сарқылуымен түсіндіреді.
ҚР Ұлттық статистикалық бюросы келтірген мәліметтерге жүгінсек, 2022 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда, аталған нарықта биыл қаңтарда жүзеге асқан мәмілелер саны 27,2%-ға құлап түсті, - дейді Krisha.kz сарапшылары. – Мұндай теріс көрсеткіш еліміздің барлық өңірлерінде байқалды, кей облыстарда, тіпті, 50%-дан астам құлдырау бар. Ең аз төмендеу көрсеткіші Астанада тіркелді – 0,8%. Тұрғын үй нарығындағы белсенділік тек Алматы қаласында көрініс берді: +34,1%. Бірақ мұның өзіндік себебі бар – қаңтар оқиғасы аясында былтыр нарық ішінде жүзеге асқан мәміле саны өте аз болған-тын - дейді сарапшылар.
Жылжымайтын мүлік нарығындағы тәуелсіз сарапшы Анна Шацкая, биылғы жылдың қаңтары мен ақпанында еліміздің бірқатар қалаларында «бірінші деңгейдегі баспана нарығында баға атаулы бір деңгейде болды» деп отыр.
Оның айтуынша, қаңтармен салыстырғанда биыл ақпанда бірінші нарықтағы бағаның өсуі Ресеймен шекаралас Петропавл (10,6%-ға) және Павлодар (7,8%-ға) қалаларында ғана байқалған. Ал екінші деңгейдегі нарықта бүкіл республика бойынша баспана бағасы өзгеріссіз қалған.
Нарық бойынша былтырғы және биылғы бағаларды салыстырған Анна Шацкая өз тұжырымын жасады.
Өткен жылдың басындағы көрсеткіштерге шаққанда, биылғы жылдың басында бірінші деңгейдегі нарықта баспана бағасы, орташа есеппен алғанда, 14%-ға, екінші деңгейдегі нарықта – 18%-ға өсті, - дейді ол.
Krisha.kz сарапшылары алға тартқан 2023 жылдың 15 ақпанындағы жағдайға сай мәліметте – Алматы қаласындағы баспананың орташа бағасы «1 шаршы метрге 715 666 теңгені құрайды» деп көрсетілген. Шаршы метрдің Астанадағы бағасы – 484 633 теңге, ал Шымкентте – 432 300 теңге шамасында.
Бір жыл ішіндегі көрсеткіштерді салыстырар болсақ (2022 жылдың ақпаны мен 2023 жылдың ақпаны аралығындағы), Алматыда баспана бағасы 15,6%-ға, Астанада – 6,2%-ға, Шымкентте – 9,8%-ға қымбаттай түскенін көре аламыз, - дейді олар.