Елімізде балет пен цирк өкілдері қорғалмаған – депутат
Сенатор Бибігүл Жексенбай Сенат отырысында жолдаған депутаттық сауалында мәдениет пен өнер саласын дамытуға қатысты қордаланған жүйелі мәселелерді көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл тақырып бұған дейін Астана қаласындағы мәдениет ұйымдарының ұжымдары сенатормен кездескен кезде де кеңінен сөз болған еді. Кездесу барысында сала өкілдері ең алдымен кадр тапшылығы, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі және мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік тұрғыда қорғалмауы сияқты өзекті түйткілдерді алға тартқан.
Сауалда мәдениеттің елдің рухани болмысын нығайтуда, зияткерлік әлеуетін арттыруда әрі халықаралық деңгейдегі беделін қалыптастыруда айрықша маңызға ие екені атап көрсетілген. Алайда саланың стратегиялық мәніне қарамастан, бірқатар маңызды бағыттар әлі де институционалдық тұрғыдан толыққанды реттелмей келеді.
Атап айтқанда, заманауи мамандықтарды енгізу мен техникалық стандарттарды жүйелеуден бастап, инклюзияны дамыту, сондай-ақ жекелеген шығармашылық мамандық иелеріне әлеуметтік кепілдіктер беру мәселелеріне дейінгі бағыттар нақты тетіктермен жеткілікті деңгейде бекімеген.
Мемлекет басшысы V Ұлттық құрылтайда өнер мен мәдениет ұлттың рухани коды екенін, ал мемлекеттің өркениеттілік деңгейі оның мәдениетке деген көзқарасымен айқындалатынын атап өтті. Осыған байланысты мәдениет саласын қосалқы бағыт емес, орнықты мемлекеттік дамудың өзегі ретінде қарастыру қажет. Сала өкілдерімен кездесулерде бірқатар мәселе анықталды. Қазіргі уақытта мәдениет саласында цифрлық контент продюсерлері, сахналық цифрлық технологиялар инженерлері, инклюзивті мәдениет мамандары, мәдени деректер талдаушылары сияқты жаңа заманауи мамандықтар заңнамалық деңгейде бекітілмеген, - деді депутат.
Айтуынша, елордада өтетін концерттердің техникалық деңгейі сын көтермейді.
Астана қаласындағы бірқатар театрда, концерттік ұйымдар мен филармонияларда сахналық жарықтандыру және дыбыс жүйелері ескірген, цифрлық трансляция мен мұрағаттау мүмкіндіктері шектеулі, халықаралық гастрольдер мен копродукцияларға техникалық дайындық деңгейі төмен. Мүгедектігі бар азаматтардың өнерге қатысуы, инклюзивті театрлар мен шығармашылық студияларды дамыту ісі негізінен жекелеген бастамалар деңгейінде қалып отыр, олар жүйелі мемлекеттік саясатпен және тұрақты қаржыландырумен қамтамасыз етілмеген. Балет және цирк өнерінің өкілдері әлеуметтік және кәсіби тұрғыдан қорғалмаған күйде қалып отыр. Сондай-ақ дирижерлердің құқықтық мәртебесі, әлеуметтік кепілдіктері мен кәсіби даму мәселелері де толық реттелмеген, - деді Бибигүл Жексенбай.
Осыған орай сенатор Үкімет деңгейінде бірқатар институционалдық шешімдерді пысықтауды ұсынды. Айталық, заманауи мәдени және цифрлық бағыттағы мамандықтарды заңнамада нақты бекіту, дирижерлерге қатысты құқықтық әрі әлеуметтік кепілдіктерді айқындау, сондай-ақ мәдениет ұйымдары үшін ең төменгі ұлттық техникалық стандарттарды енгізу мәселелері көтерілді.
Сонымен бірге тұрақты қаржыландыруды негізге ала отырып, инклюзивті мәдени ортаны дамыту ұсынылды. Бұған қоса, балет пен цирк өнері өкілдері үшін арнайы әлеуметтік қорғау шараларын қабылдау, сондай-ақ оларды кәсіби қайта даярлау тетіктерін қарастыру да депутаттық сауалда аталған бастамалардың қатарында болды.