Болашақта елімізде "Балалар үйі" болмайды - министр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл сайын маусым айының алғашқы күнінде Халықаралық балаларды қорғау күні атап өтіледі. Бұл – жас ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, құқықтары мен дамуына қатысты жауапкершілікті еске салатын күн. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жазды.
Қазақстан балалардың құқықтықтарын қорғаудың халықаралық жүйесінің дамуына белсенді атсалысады. Тәуелсіздік жылдары біз негізгі халықаралық құжаттарды ратификацияладық. Ондай маңызды құжаттардың бірі – Бала құқықтары туралы конвенция. БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитеті 70-ші сессия кезінде елімізде балалардың құқықтарын қорғау мәселесі айтарлықтай жетіліп келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев осы мәселе тоңірегінде барлық қажетті шараларды қабылдап, балалардың құқықтырын қорғау бойынша тапсырма берді - дейдіминистр.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда республикамызда балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен ҚР БҒМ, ҚР ДСМ, ҚР ЕХӘҚМ, ҚР АҚДМ, ҚР ІІМ, ҚР МСМ және т.б. министрліктер мен басқа да ұйымдар айналысады.
Бұл ретте жергілікті деңгейде білім беру, денсаулық сақтау, балаларға арналған әлеуметтік қорғау жүйесінде мыңнан астам орган мен ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын 300 астам ҮЕҰ бар. Кейбір аспектілерге қысқаша тоқталып өтсем. Балалар үйлері бойынша. 10 жыл ішінде (2010 - 2020 жж.) балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінің саны 70% - ға, 14 052 адамнан 4193-ке дейін қысқарды. Ал балалар үйінің желісі 210-нан 101-ге дейін, яғни 52% - ға қысқарды. Ал соңғы 4 жыл ішінде балалар үйінің тәрбиеленушілерінің саны 42% - ға, 7 236 адамнан 4 193-ке қысқарды. Ал балалар үйінің желісі 140-тан 101-ге, яғни 28%-ға қысқарды - дейді ол.
Министр Балалар үйлері Қолдау орталықтарына айналады деген пікірде.
Бұл жұмысқа азаматтық қоғам белсене атсалысуда. "Тәлімгерлер" мен "Аналар үйі" сияқты жобаларды да ерекше атап өткім келеді. Десе де түйткілді мәселелер бойынша жұмыс әлі де жүргізіліп жатыр. Мемлекетімізде білім алу құқығына баса назар аударылады. Қазір елімізде 5 миллион баланы қамтитын 20 мың білім беру ұйымы жұмыс істеп жатыр - дейді Асхат Аймағамбетов.
Министр қосымша білім беруді дамыту бойынша Қазақстанда 63 мың үйірме мен 1200 қосымша білім беретін ұйым жұмыс істейтінін атап өтті.
Қазір Оқушылар сарайлары, балалар технопарктері, үйірмелер мен өнер мектептері және т. б. желісін одан әрі ұлғайту міндеті тұр. Қарағанды, Көкшетау, Түркістан, Қызылорда және ШҚО сияқты бірнеше өңірде мұндай орталықтардың құрылысы басталды, ал Алматы қаласында қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқа өңірлерде де аталған бағыт бойынша жұмыс атқарылуда. Инклюзивті білім беруді дамыту – маңызды бағыттардың бірі. ПМПК жұмысы модернизацияланып, түзету орталықтарының (ППТК) желісін кеңейту мәселелері шешіліп жатыр. Қазіргі уақытта түзету көмегіне мемлекеттік тапсырысты енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл шара бізге көмекке мұқтаж балаларды тез арада қамтуға және оларға қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік берері сөзсіз. Себебі денсаулыққа қатысты мәселелерді алдын ала анықтап, балаларға қолдау көрсету – өте маңызды - деді министр.
Ол жаңа оқу жылынан бастап Типтік өзгерістер бойынша мектептердің штаттарына тьюторлар немесе ерекше білім қажеттіліктері бар балалардың ассистенттері енгізілетнін айтты.
Білім ұйымдарында тосқауылсыз орта құрудан бөлек, арнайы бағдарламалар, әдістемелер, бағалау жүйелерін енгізу, педагогтердің ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу дайындығы мен құзыреттері бойынша басты назарға алынады. 2022 жылы Балалардың әл-ауқат индексі енгізіледі. Ол балалардың өмір сүру жағдайы мен денсаулығы, білім, әлеуметтену, отбасы мен қоғам сынды маңызды салалар бойынша көрсеткіштерді анықтауға септігін тигізеді. Оның негізінде балалардың құқығын қорғау бойынша қалалардың, аудандардың, ауыл-аймақтардың рейтінгі түзіледі. Білім алудың қауіпсіз жағдайларын жасау үшін әр білім беру ұйымын бейнебақылау және қажетті заттармен жабдықтау мәелелері қарастырылып жатыр.
Министр буллинг, суицид проблемаларын шешу ерекше назарды қажет ететінін айтты.
Балаларды зиянды ақпараттан қорғау – өте маңызды. Кибермәдениет пен кибергигиенаны қалыптастыру тақырыбы мектеп бағдарламасына енгізілуі керек. "Жусан" операциясының аясында соғыс болып жатқан елдерде қалып қойған балалар елге қайтарылды. Интернат ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлі де өзекті мәселе болып тұр. ҚР Үкіметі жанындағы ВАК-тің кәмелетке толмағандардың істері мен олардың құқықтарын қорғау бойынша кезектен тыс отырысында барлық мемлекеттік органға тәрбиеленушілер үшін қауіпсіз жағдай жасау тапсырмасы берілді. Қамқоршылық кеңестерге ерекше назар аударылып отыр, оның құрамында азаматтық қоғам өкілдерінің болуы да маңызды. Олардың қызметтерінің ашықтығы мен айқындығы қоғамдық бақылау орнатуға мүмкіндік береді - дейді министр.
Кәмелетке толмағандардың істері бойынша комиссия жұмысы түбегейлі өзгереді. Қазіргі таңда бұл органдардың мүмкіндіктері тиімді қолданылып жатқан жоқ. Қоғам тарапынан комиссиялардың құзыретін кеңейту бойынша нақты ұсыныстар айтылған болатын, олар назарға алынды.
Мектептердегі тамақтану. Біз жаңа ережелерді дайындадық. Соның аясында енді қажетті сатып алулар электронды форматта жүргізілетін болады. Бұл ашықтықты қамтамасыз ету үшін қажет. Сондай-ақ қалалық мектептерде қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін, тамақ дайындау жерлеріне бейнебақылау орнату және т.б. бойынша талаптар енгізілді. Қоғаммен бірлесіп мектептердегі тамақтануды ұйымдастыруды одан әрі жақсартамыз. Балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жобалардан бастап, барлық бастама (интернаттарда тәртіп орнату, КТІОҚҚ қызметін түбегейлі өзгерту, суицидтің алдын алу бойынша Жол картасын іске асыру, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, Балалардың әл-ауқат индексін іске асыру және т.б.) Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілінің қатысуымен жүзеге асады - деді ол.
Балалық шақтың басым бөлігі мектеп қабырғасында өтеді. Білім ұйымдарының педагогтері осы кезең балалар үшін ең бақытты әрі керемет болуы үшін барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, жағдай жасайды. Бала мектепке үлкен құлшыныспен барып, білім алуы керек.
Бізде азаматтық қоғаммен бірлесіп шешетін проблемалық мәселелер жеткілікті екенін білеміз. Құрметті достар! Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге денсаулық, бақ-береке тілеймін! Жазда есте қаларлық сәттеріңіз көп болсын! - деді министр сөз соңында.