Елімізде азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 0,9%-ға өсті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бір айда (2021 жылғы қараша 2021 жылғы қазанға) баға азық-түлік тауарларына – 0,9%, азық-түлік емес тауарларға – 1%, ақылы қызметтерге 0,3% жоғарылады.
Бұл туралы Ұлттық Статистика бюросы хабарлады.
Бағаның өсуі жаңа жиналған көкөністерге – 8,3%, жұмыртқаға – 2,1%, ұнға – 1,5%, шошқа етіне – 1,1%, пастерленген сүтке, жармаларға, макарон өнімдеріне – 1%-дан, тоқаш және ұн өнімдеріне – 0,9%, нанға, құмшекерге, шұжық өнімдеріне, жылқы етіне – 0,8%-дан, құс етіне 0,7% байқалды. Темекі өнімдері – 1%, алкогольді сусындар 0,5% қымбаттады. Бағаның төмендеуі картопқа – 1,4%, жаңа жиналған жемістерге 0,6% тіркелді.
Баға дизель отынына – 14,6%, баллондағы сүйытылған газға – 13,6%, тас көмірге – 3,7%, бензинге 2,4% өсті. Баға өсімі тоқыма бұйымдарына – 0,9%, фармацевтикалық өнімдерге 0,7% құрады.
Тұрғын үйді жалға беру үшін төлем 1,4% өсті. Баға деңгейі мәдени іс-шаралар саласындағы қызметтеріне – 0,7%, денсаулық сақтау қызметтеріне 0,4% жоғарылады.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер ыстық суға – 3,5%, қоқыс шығаруға – 1,3%, электр энергиясына 0,5% өсті, ал орталықтан жылытуға 1,3% төмендеді.