Елімізде автокөлік саны артты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл 9 айда елімізде 610120 жеңіл көлік тіркелген. Былтырғы жылмен салыстырғанда автомобиль саны 8,6%-ға артқан. Бұл туралы ақпарат Ұлттық статистика бюросының ресми сайтында жарияланды. 

2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстан Республикасында 610120 жеңіл автомобиль тіркелген. 2020 жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда 8,6%-ға көп. Қазақстан Республикасында 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша тіркелген жеңіл автомобильдердің саны 3824,2 мың бірлікті құрады, - делінген баспасөз хабарламасында. 

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Бюроға берген деректері бойынша, 2021 жылы 9 айда елімізде 9 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы орын алып, зардап шеккендер саны көбейген. 

2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте 9422 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 13844 адам зардап шеккен. Өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда апаттылық 5,5%-ға көбейді, - деп жазылған ақпаратта. 

Ал, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі деректері бойынша, 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру ұйымдары 27,2 млрд теңге сомасында 60482 сақтандыру төлемін жүзеге асырды.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы