Елімізде «Қауіпсіз жол» акциясы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жолаушылардың қауіпсіздігі мен жол-көлік апаттарын азайту үшін өткізіліп отырған науқанды полицейлер мен «ҚазАвтоЖол» мекемесінің мамандары бірігіп атқарады. Бұл туралы 24kz сайты хабарлайды.

Ақмола облысында барлық бағыттардағы тасжолдарда осындай жұмыстар басталып кетті. Құзырлы органдардың мамандары 5 күн бойы аймақ жолдарында жол белгілерінен бастап сапасына дейін тексереді. Күрделі мәселелер болса, сол жерде талқыланып, проблеманы шешу жолдары қарастырылады.

Мәселен, «Бурабай-Нұрсұлтан» бағытындағы жолда жүргізушілердің қалғып кету дерегі жиілеген. Сондықтан полицейлер жауапты мекемеге арнайы ояту жолақтарын орнатуға ұсыныс жасап отыр. Одан бөлек жол бойында тынығу орындарын көбейтіп, ескерту тақтайшаларын да ілу қажет. Жалпы Ақмола облысында жыл басынан бері 281 жол апаты тіркелсе, одан 400-ге жуық адам жарақаттанып, 34-і қаза тапқан.

«Біз осы Бурабай-Нұрсұлтан автожолында қосымша көшпелі мульти-радарлар орнатқымыз келеді. Себебі, күрежолда патрульдік полиция қызмет атқара алмайды. Ал, мульти-радарлар жылдамдықты асыру деректерін тіркеп, бірден базаға жібереді. Осылайша жол-көлік апаттарын азайтуға болады деп ойлаймыз. Жолдағы қауіпсіздікті күшейту үшін барлық іс-шараларды жасаймыз», - дейді облыстық әкімшілік полиция басқармасының басшысы Аслан Қызбикенов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы