Елімізде әскери жиындар өтеді
Елімізде 18 шілдеден бастап Қазақстан Қарулы күштерінде әскери міндеттілерді әскери дайындау бойынша 30 күнге созылатын әскери жиындар өткізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Сәкен Жүсіпов айтты.
Әскери жиынды өткізудің мақсаты бейбіт уақытта қысқартылған құрамда ұсталатын әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру, жұмылдыру кезінде әскерді өрістету үшін әскери оқытылған ресурс даярлау оларды запаста ұстау. Әскери жиын жыл сайын өткізіліп келеді. Ұзақтығы 30 күн. Өткен жылы жиынға 1500 адам шақырылды. Осы жылы шақырылатын адам саны 3 мың адамға дейін өсті. Адам санын ұлғайту оларды әскер үшін қажетті әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлау арқылы әскери оқытылған резерв жинауға байланысты, - деді Сәкен Жүсіпов.
Айта кетейік, қолданыстағы заңда әскери жиынға шақырылатын адамның шекті жасы айқындалған. Қатардағы жауынгерлер мен сержанттар үшін – 50 жас, офицерлер үшін – 60 жас белгіленген. Әскери жиынға денсаулық жағдайы бойынша жарамды әскери міндеттілер шақырылады.
Сондықтан олар алдын ала медициналық тексеруден өтеді. Оларды жиын өткізілетін жерге жеткізу және одан кері қайтару Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен темір жол немесе автомобиль көлігімен жүзеге асырылады.