Елімізде қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық іс көбейді
Астана, baq.kz. Өткен жылдың өзінде осындай 100 дерек тіркелген. Ал келтірілген шығын көлемі 2 миллиард теңгеге жуықтайды, деп мәлімдейді «Хабар 24»
Өкініштісі сол, жалған қаржы ұйымдары күн өткен сайын өз ықпалын күшейтіп, адамдарды алдаудың және заңды айналып өтудің небір амалын ойлап тауып жатыр. Қаржы парамидалары жайында бұған дейін талай айтылды. Алданды, арбалды, тіпті, барынан айрылғандар да бар. Бірақ айналып келгенде сол қаржы ұйымдарының құрығына ілініп жатқандар көп. Оған себеп – ұйымдастырушылардың айла-шарғысы. Олар өз ойын іске асыру үшін жарнамадан қаржыны аямайды, білікті психологтар жалдайды және небір аңыздарды ойлап табады.
«Қаржы пиармидаларын құру мен басқаруға қатысты республика бойынша 103 дерек тіркелген. Бұл істер Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша қаралады. Қазіргі таңда 14 іс сотқа түсті. Ал аталған заң бұзушылықтардан келген шығын – 1 миллиард 800 миллион теңге», - дейді ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық қудалау қызметі бөлімінің аға прокуроры, Айдос Әбдібаев.
Негізі қаржылық пирамидалардың жұмыс тәртібі ұқсас келеді. Ә дегеннен пайдаға кенелесің деп сендіреді. Тума-туыс, дос-жаран, тіпті жай таныстарыңызды да шақыруға міндеттейді және тезірек қаржы салуға көндіреді. Әрине, бұның барлығын арнайы келсімшартпен бекітеді. Бірақ ол компания құрдымға кеткен жағдайда, салымшыға ештеңе қайтармайтындай етіп құрылған.
Әсіресе, ипотекалық қарызы бар адамдарды алдап, көндіреді. Яғни өмір бойы 15 миллион теңге төлегенше бізге 3-4 миллион бер дейді. Сосын инвестициялық табысыңнан қарызды жабуға уәде береді. Жалпы түрлері өте көп. Айтпағым, адамдар өздері жұмыс жасап, табыс табуды үйрену керек», - дейді экономист, Сапарбай Жобаев.
Экономистің айтуынша, заң бойынша елімізде банктер мен шағын несиелік ұйымдар ғана депозитке ақша алуы мүмкін. Оның өзінде Ұлттық банктің лицензиясы болса ғана. Бірақ қарапайым адамдар бұны ескере бермейді. Салдарынан сан соғып қалып жатады. Мәселен, біз интернетті ақтарып отырып, қаптаған жарнаманың біріне хабарласып көрдік. Әлемнің түкпір түкпіріне саяхат ұйымдастырамыз деген компания өкілі 100 бен 300 доллар арағында қаржы құюға кеңес берді. Кейін ұйымға 5 адам тартуың керек. Қаржы қақпаны осылай жалғаса береді.
Ең өкініштісі, қаржы пирамидалардан ақшаны кері қайтару қиын, тіпті, көп жағдайда мүмкін емес. Өйткені бас-қасындағылар оны әдейі күрделендіріп ұйымдастырады. Соның кесірінен салымшылар жылдар бойы соттың табалдырығын тоздыруға мәжбүр.