Елімізде алимент төлемей жүрген қанша әйел бар екені белгілі болды
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли алимент өндіріп алу жөніндегі атқарушылық іс жүргізу туралы мәліметтерді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ресми өкілдің айтуынша, қазіргі таңда сот орындаушылардың өндірісінде 283 мың атқарушылық іс бар. Оның ішінде борышкер ер адамдар саны - 272 мың болса, әйелдер саны - 11 мыңнан асады.
Көп жағдайда борышкерлердің алименті ай сайын жұмыс берушілердің бухгалтериясы арқылы өндіріледі. Сондықтан борышкерлерді жұмысқа орналастыру белсенді түрде жүргізілуде.
Әділет органдары мен әкімдіктердің бірлескен жұмысының нәтижесінде 2023 жылы – 4 238 адам жұмысқа орналастырылса, бұл көрсеткіш 2024 жылы 6 мыңнан астам адамды құрады.
Алимент өндіру жұмыстары бойынша борышкерлердің мүлкі тәркіленуде. Мәселен, Астанада борышкердің Mersedes-Benz S400 маркалы көлігі 23 млн теңгеге сатылды. Жамбыл облысында борышкер қарызды өтеу үшін 11 млн теңгеден астам тұратын жылжымайтын мүлкін берді. Ал Алматыда 9 млн теңгеден астам қарызды өтеуге 2017 жылғы Hyundai Tucson автокөлігі өндіріп алушыға тапсырылды.