Елімізде алимент төлемеген 126 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Елімізде алимент төлемегені үшін 126 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы республикалық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы Айдос Иманбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Елімізде алимент төлемегені үшін 126 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жыл сайын орындауға түсетін атқарушылық құжаттардың саны артып келеді. Мәселен, 2022 жылдың 12 айында сот орындаушылардың өндірісінде 7,8 млн атқарушылық құжат болды. Бұл 2021 жылымен салыстырғанда 1,1 млн құжатқа артық. 2021 жылы 2,3 млн іс толық орындалса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 2,6 млн-ды құрады. Мемлекет кірісіне 31 млрд теңге, азаматтардың жалақысы – 4 млрд теңге, бизнес пайдасына – 185 млрд теңге өндірілді, - деп атап өтті палата төрағасы.

Айтуынша, азаматтың сот арқылы конституциялық құқығын қорғау сот актісін міндетті түрде орындау арқылы жүзеге асырылады.

Өндiрiп алушының мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн сот орындаушыға берілген түрлі мәжбүрлеп орындату құралдарын пайдаланғанда ол борышкердiң құқықтарының бұзылуына жол бермеуі, яғни тепе-теңдiктi сақтауы керек. Әдетте, борышкердің табысы мен мүлкі болмаған жағдайда сот шешімі дәлел себептермен орындалмай өндіріп алушының құқықтары бұзылады. Өкінішке қарай, мұндай мысалдар (не жайттар) аз емес және бұл көбіне халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен тікелей байланысты, - деді Айдос Иманбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы