Елімізде алғаш рет тағы бір әскери мереке аталып өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 15 шілде – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің командалық пункттері мен басқару пункттері мамандарының күні.
Бұл 2019 жылы Ұлттық қорғанысты басқару орталығы (ҚР ҚК Бас штабының Орталық командалық пункті) құрылған сәттен бастап Қазақстан армиясы үшін атаулы күн болып саналады.
Сенімді басқару әрқашан әскерлердің келісілген және табысты әрекеттерінің кепілі болып табылады. Операцияның немесе ұрыстың сәтті аяқталуы жағдайды жан-жақты бағалауға, шебер даярланған, уақтылы және нақты нұсқауларға байланысты болады.
Әскерлерді тиімді қолдану үшін қажетті осы маңызды функцияларды елдің барлық аумағында орналасқан командалық пункттер мен басқару пункттері орындайды. Олар бейбіт уақытта жауынгерлік әзірліктің жай-күйіне, кезекші күштер мен құралдардың әзірлігіне, елдің әуе шептері қауіпсіздігіне және армияның күнделікті тіршілік әрекеті іс-шараларының өткізілуіне бақылауды жүзеге асырады.
Командалық пункттерде жағдайды жылдам бағалауға және шешім қабылдау үшін қажетті деректерді дайындауға қабілетті, әскери тәжірибесі мол, тиісті даярлықтан өткен офицерлер қызмет өткереді.
Биыл басқару пункттерінің әскери қызметшілері көптеген басқа мамандықтардың өкілдері сияқты кәсіби мерекелерін алғаш рет атап өтетінін айта кету қажет. 2021 жылғы 5 мамырда Қорғаныс министрінің бұйрығымен Қарулы Күштер тарихында алғаш рет кәсіби және атаулы күндер тізбесі бекітілді. Аталған құжатта барлық әскери мамандықтар бойынша әскери қызметшілердің кәсіби мерекелері қамтылған.