Елімізде алғаш рет Qazaq jockey сlub құрылды

Елімізде алғаш рет Qazaq Jockey Club қоғамдық бірлестігі құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

4 қараша күні Алматыда жылқы жанашырлары, атбегілер, шабандоздар мен ат иелерінің қатысуымен алғашқы құрылтай съезі өтті. Құрылтай шешімімен Жокей клубының құрамына салт міністі жылқы иелері, жаттықтырушылар мен жокейлер кірді.

Құрылтай барысында елдегі бәйге мәселесі, ұшқыр бәйге, оған шабандоз (жокей) дайындау мәселесі, елдегі ипподромдар, жүйрік ұстап отырған ат иелерінің жағдайы сөз болды.

Жиынға қатысушылар осындай күрделі әрі қордаланған мәселелерді шешу мақсатында тұңғыш рет Qazaq Jockey Club-ын құрып, оның төрағалығына белгілі атбегі, жылқы шаруашылығының иесі Мақсат Ахаевты сайлады.

Сонымен қатар съезде жокей клубының негізгі міндеттері анықталды. Олар:

- ұлттық бәйге индустриясын сақтауға жағдай жасау;

- индустрияның барлық қатысушысын біріктіру;

- индустрияны қаржыландыру құралдарын іздеу және нарықтық жағдай жасау;

- индустрияда сұранысқа ие мамандықтар үшін білім беру бағдарламаларын құру;

- Қазақстан өңірлерінде ат жарыстарын өткізіп және дамыту.

Талғат Жайсаңбаев

Бұл көптен көкейде жүрген мәселе болатын. Ақыры ат иелерінің басы қосылды деп ойлаймын. Әрине, біз дәстүрлі бәйгемізді жоққа шығарайық деп отырған жоқпыз. Дегенмен, қазір әлем бәйге алаңы десе ұшқыр, тызетпе аламандарға назар ауадаратыны белгілі. Ал біздің саусақпен санарлық жокейлеріміз ғана еуропалық бәйгелерде шабандоз болып жүргені болмаса, ол жаққа ат апарып жүрген бапкерлеріміз немесе ат иелері жоқ. Себебі ондай мүмкіндік өз елімізде жоқ. Екіншіден елдегі атшабарлардың мәселесі де оңай болып тұрған жоқ. Соның бәрін осы клуб аясында шешу мүмкіндіктерін қарастырсақ деген ой. Әрине, мақсатымыз халықаралық деңгейге шығу – дейді Qazaq Jockey Club мүшесі, Республикалық зауыттық жылқы тұқымдары палатасының Президенті Талғат Жайсаңбаев.

Жиын соңында 2023 жылға арналған ұшқыр бәйге күнтізбесі ұсынылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы