Елімізде алғаш рет партиялық тізім бойынша сайлау өтеді – саясаттанушы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім жетекшісі Алуа Жолдыбалина Президент Қ.Қ Тоқаевтың Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы Қаулысына қатысты пікір білдірді. 

Президент Жарлығы біршама уақыт бойы сарапшылар болжаған оқиғалардың бірі болды.

Жалпы, сәл статистикаға назар аударайық. Елімізде осы күнге дейін 6 парламенттік сайлау өткен болатын, оның ішінде 3 парламенттік сайлау (2007 ж., 2012 ж., 2016 ж.) кезектен тыс өтті. Сонымен қатар 3 парламенттік сайлау (1995 ж., 1999 ж., 2004 ж.) кезекті сипатқа ие болған болатын. Ендігі 7-парламенттік сайлау да кезекті сипатқа ие, - дейді саясаттанушы. 

Оның сөзіне қарағанда, бұл парламенттік сайлаудың өзіндік ерекшелігі – сайлау процесіне де, саяси партиялар жұмысына да 2020 жыл бойы бірқатар жаңашылдық енгізілген болатын, яғни бұл сайлауда бірінші рет партиялық тізімді қалыптастырудағы 30 пайыздық квота ережесі жүзеге асырылатындығында.

Сондай-ақ егер осыған дейін өткен сайлауларда мәслихат депутаттарын бір мандатты округтер бойынша сайласа, ендігі кезекте, ең алғашқы рет партиялық тізім бойынша өтеді. Яғни облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттарының барлығы партиялық тізім бойынша сайланады, - дейді Алуа Жолдыбалина. 

Саясаттанушы бұл принцип партиялардың өзара бәсекелестігін, аймақтарда мәслихат жұмысының әрі қарай белсене түсіп, партиялардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді деп санайды. 

Егер осыған дейін партиялар көбіне орталық деңгейде көбірек жұмыс атқарса, бүгіннен бастап аймақтардағы жұмысын арттыруы тиіс. Сонымен қатар партиялар сайлауалды кампаниясында, аймақтық деңгейде өз жұмысын белсенді сипатқа негіздеп, аймақтардағы өзекті мәселелерді және халықтың негізгі талап-тілектерін түбегейлі талдап, оларды шешуде өз жұмысын көрсете алады. Яғни партия жұмысында аймақтық компонент артады деген сөз, - дейді ол. 

Парламент және мәслихат депутаттары сайлауының бір мерзімде өтуі қаржылық шығындарды да үнемдеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ карантин тәртібін ескере отырып, сайлау кампаниясын оңтайлы жүргізуге, сайлауды ұйымдастырып, тиімді өткізуге септигін тигізеді. Яғни көптеген партия сайлау кампаниясын жүргізуде карантин тәртібін ескере отырып, өзіндік жаңашыл саяси технологияларды қолдануы мүмкін. 

Бүгінде бірқатар ел карантинге қарамастан, парламенттік сайлауды өткізуде. Ең алғашқылардың бірі – Оңтүстік Корея болатын. Сондай-ақ парламенттік сайлау 21 маусымда Сербияда, 4 қазанда Қырғызстанда, 11 қазанда Литвада карантин тәртібінде өтті. 31 қазанда Грузияда да парламенттік сайлау өтеді. Сонымен қатар 13 қыркүйекте Ресей Бірыңғай дауыс беру күнін өткізген болатын. Сонымен карантин тәртібі саяси процестердің жүзеге асуына тосқауыл еместігін, керісінше қалыпты саяси дамуды әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр, - дейді саясаттанушы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы