Елімізде алғаш рет "Ат спортындағы ветеринария" мамандығы ашылады

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында республикалық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

"ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы" ЗТБ және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұйымдастыруымен өткен жиынға мемлекеттік басқару органдарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Ат спортында жылқылардың денсаулығын бақылау, рационалды азықтандырылуын қадағалау, күтіп-баптауды дұрыс ұйымдастыру және инфекциялық ауруларға қарсы уақытылы екпе жасау – тікелей ветеринариялық дәрігерлердің міндеті. Ат спортын әлемдік деңгейге шығару бағытында кәсіби мамандарды, соның ішінде жылқы баптау жөніндегі ветеринарларды дайындаудың жетіспеуі – күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Осыған орай, 2024-2025 оқу жылынан бастап, біздің университетте «Ат спортындағы ветеринария» мамандарын дайындау елімізде бірінші рет жүзеге асырылмақ, – деді Ақылбек Күрішбаев.

Жиын қорытындысы бойынша KazNARU мен «ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы» бірлесіп, «Ат спортындағы ветеринария» білім беру бағдарламасын әзірледі және осы салада мамандарды бірлесе даярлауға уағдаласты. Сондай-ақ ұлттық жылқы спортын дамыту бағдары бойынша жинақталған ұсыныстарды жоғары мемлекеттік органдар тарапына жолдау туралы шешім қабылданды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: KazNARU баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы