Елімізде әлеуметтік осал топтағы отбасылар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасын таныстырды.
Ол заң жобасы аясында халықтың әлеуметтік осал тобының тұрғын үй мәселесі қалай шешілетінін айтты.
Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін жедел шешу мақсатында министрлік жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау тетігін пысықтап жатыр.
Осы тетік арқылы отбасы мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 теңге) төмен табысы бар көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл қысқа мерзімде 70 мыңға жуық кезекте тұрғандардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді вице-министр Мәжілісте.
ИИДМ өкілінің хабарлауынша, бүгінгі күні қайталама нарықта жалға алынған тұрғын үй үшін төлемдерді тағайындау қағидалары бекітілді. Бұл тетік ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап іске қосылады.
Жалға алушылардың жалдау төлемдері мен субсидияларын есепке алу үшін шоттары үшінші тұлғалардың өндіріп алуларынан, тыйым салуларынан және өзге де шектеулерінен қорғалатынын атап өткен жөн. Басқа сомалар осы шоттарға аударылмайды, - деді ол.