Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімі 31 атауға дейін кеңейді
Биыл 4 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының уақытша кеңейтілген тізбесі қолданысқа енгізілді. Бұған дейін 19 атаудан тұрған тізім қазіргі уақытта 31 тауар түрін қамтиды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кеңейтілген тізбеге қияр, қызанақ, алма, шай, қаймақ, балық, сиыр еті (сүйекті және сүйексіз), тауық еті, тауық, жылқы еті, сондай-ақ қатты ірімшік енгізілді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, жылдың алғашқы аптасының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 0,2 пайызды құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде де көрсеткіш дәл осы деңгейде тіркелген. Айта кету керек, биылғы көрсеткіш кеңейтілген тауарлар тізбесін ескере отырып есептелген. Бұл бірінші кезектегі азық-түлік өнімдері бағасының жалпы алғанда тұрақты екенін аңғартады.
Кеңейтілген тізімге жаңадан енгізілген бірқатар тауарлар бойынша бағаның 0,1–0,5 пайыз аралығында төмендегені байқалады. Төмендеу көлемі шамалы болғанымен, бұл бағаны тұрақтандыру үдерісінің басталғанын және қысқа мерзімде алғашқы нәтижелерге қол жеткізілгенін көрсетеді. Атап айтқанда, жеміс-көкөніс өнімдері арасында алма бағасы 0,5 пайызға, қияр мен қызанақ 0,4 пайызға арзандаған. Бакалея сегментінде қатты және жартылай қатты ірімшіктердің бағасы 0,3 пайызға, қара шайдың бағасы 0,2 пайызға төмендеді. Сонымен қатар ет және балық өнімдері тобы бойынша баға 0,1 пайызға арзандаса, сүт өнімдерінің ішінде қаймақ бағасының 0,1 пайызға төмендегені тіркелді.
Бағаны тежеу мақсатында жыл басынан бері сауда нысандарында тұрақты мониторинг жүргізіліп, кәсіпкерлік субъектілеріне түсіндіру жұмыстары атқарылып келеді. Осы жұмыстар аясында 13 қаңтарда Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Даулен Кабдушев жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, елордадағы бірқатар базарларда баға мониторингін өткізіп, сатушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Оның айтуынша, мұндай бақылау шаралары өңірлерде де жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда сатушыларға бұрын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесіне енбеген өнімдердің енді осы санатқа қосылғаны түсіндірілуде. Бұл Сауда комитеті тарапынан жаңадан енгізілген тауарлар бойынша сауда үстемесіне мемлекеттік бақылау жүргізілетінін білдіреді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын максимал сауда үстемесі 15 пайыздан аспауға тиіс.