Елімізде алдағы 5 жылда мүгедектігі бар адамдардың өмірін жақсарту үшін не істеледі?
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасын таныстырды деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Асқарбек Ертаев бұл құжаттың тұжырымдамалық жаңалығы мүгедектіктің медициналық-әлеуметтік моделінен әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшу бойынша жағдайлар жасау болып табылатынын атап өтті.
Инклюзивті саясатты іске асырудағы жаңа тәсілдер құқықтарды іске асыруға, мүгедектігі бар адамдар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге және қоғамға толыққанды әлеуметтік ықпалдасу үшін қажетті жағдайлар жасауға бағытталған пәрменді шаралар кешенін қабылдауды көздейді - деді вице-министр.
Тұжырымдама шеңберінде биылдан бастап 13 негізгі бағытты іске асыру басталады:
теңдік және кемсітпеу;
құқықтық қорғалу;
әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру;
инклюзивті еңбек нарығы;
денсаулық, абилитация және оңалту;
инклюзивті білім беру;
қоғамдық-саяси өмірге тарту;
кедергісіз орта және қызметтердің қолжетімділігі;
төтенше жағдайлар мен климаттық қауіп-қатерлер жағдайындағы қауіпсіздік; жеке отбасылық өмір;
мәдени өмір, бос уақыт және спорт;
ағарту-тәрбие жұмысы;
мониторинг және есепке алу
Асқарбек Ертаевтың айтуынша, тұжырымдаманы іске асыру бойынша іс-қимыл жоспарында барлығы 52 іс-шара көзделген, олардың орындаушылары салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар болып табылады.
Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жаңа әлеуметтік-құқық қорғау моделіне сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңдарына мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлейтін болады.
Заң жобасы Біріккен Ұлттар ұйымының Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенциясының ережелеріне сәйкес мүгедектігі бар адамдарға қатысты теңдік пен кемсітушілікті жоюға бағытталатын болады.
Өздеріңіз білетіндей, арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап меншік нысанына қарамастан осындай қызметтер көрсететін барлық субъектілерге лицензия беру енгізілді. Осы жылдан бастап халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттауды жүргізу бойынша жаңа тәсілдер қайта қаралып, енгізілетін болады. Жүйелеу және есепке алу үшін әлеуметтік қызметкерлердің арнайы тізілімі құрылды. Барлығы 12 167 әлеуметтік қызметкердің 11 616-сы оқытудан өтіп, оның ішінде 9 429 адам сертификат алды, – деді Асқарбек Ертаев.
Сондай-ақ, ол әлеуметтік қорғау саласын дамытудың Ұлттық ғылыми орталығының базасында Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы кәсіптік біліктілікті тану орталығы құрылғанын айтты.
Әлеуметтік қызметкерлердің біліктілік деңгейлері бойынша білім беру модульдері әзірленді. Бейінді білімі жоқ әлеуметтік қызметкерлерді қысқа мерзімді оқыту үшін өңірлік деңгейде әлеуметтік жұмыс бойынша кафедралары бар еліміздің 14 ЖОО-мен меморандумдар жасалды. Сондай-ақ skills.enbek алаңында оқыту жүргізіледі.
Бұдан басқа халықты әлеуметтік қорғау саласындағы оңалту орталықтарында оңалту іс-шараларының бақылауы мен тиімділігін арттыруға бағытталған оңалтудың цифрлық күнделігін кезең-кезеңімен енгізу басталады.
Оңалту орталықтарының құрылысы, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдана отырып жүргізілуде.
Бүгінде 9 оңалту орталығының төртеуі (Семей, Тараз, Кентау, Орал қалаларында) пайдалануға берілді.
Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Ұлытау облыстарында және Шымкент қаласында олардың құрылысы жалғасуда.