Елімізде АЭС салу туралы шешім биыл қабылдануы мүмкін
Нұр-Cұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов хабарлады. Оның айтуынша, елімізде атом электр станциясының құрылысы бойынша шешім биыл қабылдануы мүмкін.
АЭС арналған алаң әлі таңдалған жоқ. Алайда ол мәселе әлі қарастырылып жатыр. Есептер бойынша Экологиялық кодекске сәйкес мақсатқа жету үшін Қазақстанға қалдықсыз жаңа генерация салу керек. Алайда оның алаңы, мөлшері, көлемі әлі анықталған жоқ. Құрылыс бойынша шешім биыл қабылданады деп ойлаймын. «Станция үшін алаңды қай жерден таңдаймыз» деген мәселе кеңес уақытында да қарастырылғаны белгілі. Үлкен, Курчатов пен Батыс Қазақстан туралы айтылып жүрді. Батыста атом станциясы болды, ол жұмыс істеді, - деп атап өтті вице-министр Сенаттың кулуарында.
Сонымен қатар ведомство басшысы басқа мемлекеттерді мысалға келтірді.
Әр мемлекет өзінше таңдау жасайды. Франция 20 жаңа реактордың құрылысы бойынша жұмысқа кірісті. Финляндия, Беларусь, Араб Әмірліктері, Швеция, Түркия сынды елдерде қазір 50-ге жуық реактордың құрылысы жүріп жатыр, - деп атап өтті Жандос Нұрмағанбетов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сенат Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы заң жобасын қабылдағаны туралы жазған болатынбыз.