Елімізде «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң әзірленіп жатыр
Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстандағы адам саудасына күрес туралы құқықтық форумда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ІІМ «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл декларациялық акт болмауы тиіс. Ол құқықтық қолданыс кезінде барлық олқылықтарды жоюы қажет, - деп түсіндірді ведомство басшысы.
Айтуынша, бүгінгі таңда заң жобасына қылмыстық істің қозғалған-қозғалмағанына қарамастан, «адам саудасының құрбаны» деген түсінікке заң тұрғысында анықтама беру қарастырылып отыр.
Сол арқылы оларға уақытша баспана, алғашқы қажеттілік заттарымен қамтамасыз ету, медициналық тексерістен өту, үйіне оралуға ықпал ету, психологиялық консультация, кәсіби бағдарда көмек сынды кешенді әлеуметтік көмек алу үшін құқық негіз құрылады. Сондай-ақ кешенді алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында алғаш рет «адам саудасының ықтимал құрбаны» және «әлсіз жағдай» түсініктері енгізіледі. Адам саудасына қарсы ведомствоаралық және өңірлік комиссияның құқықтық мәртебесі бекітіледі. Оларға осы саладағы қоғамдық қарым-қатынаста құқықтық ықпал ету құзыреті берілген. Олардың ұсыныстары Үкіметтік жоспарда ескеріледі. Бұл дегенімзі нақты мерзімді, орындаушылар мен жауапкершілікті талап етеді, - деді Марат Ахметжанов.
Еске сала кетейік, бұған дейін министр республика аумағында адам саудасымен айналысқан үш ұйымдасқан қылмыстық топтың ұсталғаны туралы айтқан болатын.