Елімізде 9,5 млн доллардың есірткісі тәркіленді
Бұл туралы ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқарма басшысы Бақытжан Әмірханов Президент жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ішкі істер органдары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және басқада құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бірқатар жедел профилактикалық іс-шаралар өткізіп жатырмыз.Жыл басынан бері шамамен 1700 қылмыстық іс тіркелді. Есірткінің заңсыз айналымына байланысты. Оның ішінде есірткіні сату фактісі – 1 мың 55, аса ірі көлемде есірткіні сақтау – 262 дерек, тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы салмағы – 333 келі.Жалпы есірткінің салмағы – 4 тоннадан асады (тәркіленген). Оның ішінде 2,2 келі марихуана, 500 келіден астамы – гашиш. Бұл есірткі Шу алқабында, Қызылорда облысында үнді қарасорасы бар, - деді Әмірханов.
Ол атағандай, 333 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.
Жалпы Қазақстанға синтетикалық есірткінің түрлері 2015 жылдан бастап келе бастады. Соңғы жылдары оның таралуымен қатты күресіп жатырмыз. Бірқатар іс-шаралар жүргізілді.Нәтижесінде соңғы 3-4 жылды алсақ, 2017 жылдары 6 келі тәркіленсе, былтыр 140 келі тәркіленді.Тек ішкі істер органдары жыл басынан бері 87 келі синтетикалық есірткі тәркіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп, - деді ол.
Әмірханов атағандай, ресейлік әріптестермен бірге олар былтырдың соңынан бастап биыл сәуірге дейін ұйымдасқан қылмыстық топты ұстаған.
Олар Ресейдің Омбы қаласынан Тараз қаласында өткізілген арнайы операция барысында ұсталды. 260 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Операция Қазақстанның 7 қаласында өтті. Алтай, Ақтөбе, Алматы, Қызылорда, Таразда қатарынан операция өтті. Оның нәтижесінде 13 адам ұсталды. Бүгінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Енді салыстырмалы түрде айтайын 260 келінің құны 9,5 млн долларды құрайды. Енді ол бір рет тұтынылатын дозаға бөлсек, ол 1 млн-нан асып кетіп, 2 млн-дай болады, - деді ол.