Елімізде 90 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды
Елімізде 8 млн-нан астам адамның басында несие бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.
24KZ-ттің хабарлауынша олардың қарызы 18 трлн теңгеден асып жығылады. Әсіресе тұтынушылық несиеге тұтылғандар көп.
«Халықты қарыз қамытынан құтқарудың ең тиімді жолы – қаржылық сауатын арттыру» дейді мамандар. Осы мақсатта елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасы қолға алынғаны белгілі. Былтыр оған 65 мың адам қатысқан. Жобаның игілігін ел Президенті де ерекше атап өткен.
Практикалық тапсырма ретінде біз қолданып жүрген банк қосымшаларын ашып, ай сайынға шығындарды қарастырамыз. Сол кезде қатысушылар шын мәнісінде ол көптеген ақша екенін, оған есеп жүргізбейтінін және қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын білмейтінін өздері түсініп жатады. Мұның артында үлкен еңбек жатыр: өзіңді тәрбиелеу, өзіңе талдау жасау, жоспарлау сияқты қасиеттерді өміріңе енгізу, - дейді қаржылық сарапшы Әйгерім Рысбаева.
Дәріс алушылар – түрлі сала өкілдері. 18-дегі жеткіншектермен қатар 60-ты алқымдағандар да бар. Бірі кәсіп бастауға, енді бірі ақшасын ұтымды инвестициялауға көмек сұрай келген. Әрине, арасында қаржылық ұйымдардан қарыз алып, кейін төлей алмай қиналған тұрғындар да кездеседі. Олардың мәселесін заңгерлер қарастырады. Жыл басынан бері мұндай 30 мыңнан астам тұлғаға жеке кеңес берілген.
Адамдардың 18 триллион қарызы бар. Оның ішінде 13 трлн-ы – ол тұтынушылық несие. Яғни, бізде халықтың 84%-і қарызға батқан. Оның ішінде жұмыс жасап, жақсы табыс тауып жатқан адамдар да бар, кәсіпкерлер де бар. Кейбір адамдар өзінің проблемаларын жұрттың көзінше айтуға ұялады. Сондықтан бізде жеке кеңес беру бар. Заңгерлерлің көмегімен біз жеке-жеке жағдайларды қарастырамыз, яғни несиені қайта құрылымдау, неисені реттеу немесе жаңа кесте алу, - дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының менеджері Фариза Асылбек.
«Қарызсыз қоғам» жобасы еліміздің барлық аймағында тегін іске асып жатыр. Оған қатысу үшін qogamfin сайты, әкімдік немесе «AMANAT» партиясына өтініш жолдау қажет. Оқу ұзақтығы – 5 күн. Әзірге 90 мыңнан астам адам ниет танытқан. Мамандар жыл соңына дейін 750 мыңға жуық тұрғынның қаржылық сауатын арттыруды көздейді. Қыркүйектен бастап оқушылар мен студенттер үшін де арнайы оқыту бағдарламасы енгізіледі.