Елімізде 90 мыңнан астам ескі көлік утилизацияға жіберілді
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандықтар 90 мыңнан астам ескі көлікті утилизация жіберді. Бұл туралы Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Макишева мәлімдеді.
«Ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасы бойынша «Оператор РОП» компаниясына Қазақстан бойынша 90 мыңнан астам көлік өткізілді», - деді ол Астанада өткен конференцияда.
Аталған компанияның мәліметіне сәйкес, 2018 жылдың желтоқсан айының басында ел тұрғындары 80 мыңнан астам ескі көлікті утилизацияға өткізген.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан автобизнес қауымдастығы ел аумағында сатылған әрбір екінші көлік Қазақстанда құрастырылғанын хабарлаған.
Ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасы 2016 жылы іске қосылған.
Бағдарлама аясында қазақстандықтар ескі көліктерін «Оператор РОП» компаниясына өткізіп, 48 мың теңгеден 150 мың теңге көлемінде ақша ала алады немесе оның орнына жаңа көлік алуға мүмкіндігі бар.
Дәурен ЕРБОЛАТҰЛЫ