Елімізде 74,8 мың несиелік пәтер пайдалануға берілді - Алтай Күздібаев

Алматылық құрылысшылар «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ өкілдерімен кездесті. Жиында несие берудің орташа мөлшерлемесі, субсидияны алу жолдары талқыланды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Кездесуге қатысушыларға «Үлестік тұрғын үй құрылысына кепілдік беру және құрылыс салушылардың несиелерін субсидиялау тетіктері» атты презентация ұсынылды. Сондай-ақ бірыңғай оператордың кепілдігін алу талаптары, кепілдік беру кезінде шарттың барлық түрін жасау рәсімі, заңнамада көзделген субсидиялауға өтінім беру рәсімі туралы егжей-тегжейлі айтылды.

Елімізде тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдау тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады. ҚР-дағы тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы – ЖАО облигацияларын сатып алу тетігі арқылы несиелік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға үлес қосатын «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» (ҚТК). Мысалы, 2016 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде ҚТК жалпы сомасы 958,1 млрд теңгеге жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алды. Осы қаражаттың арқасында 4,9 млн шаршы метр болатын 74,8 мың несиелік пәтер пайдалануға берілді, – дейді «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Алтай Күздібаев.

Еске салайық, тұрғын үй құрылысы жобалары бойынша 31,1 млрд теңге сомаға екінші деңгейдегі банктерде құрылыс салушылардың 39 несиесі субсидияланады. Жобалардың жалпы құны 91,6 млрд теңгені құрайды.

Құрылыс салушыларға несие берудің орташа мөлшерлемесі жылдық 22%-ды құрайды. Соңғы 5 жылда көлеңкелі нарықтың үлесі 25%-ға төмендеді және КТЖ құрылысының 54%-ын құрайды. Қазіргі таңда құрылыспен айналысуға ниет еткен адамдарға мемлекет қолдау білдіріп, көмек көрсетіп, несие үлестіріп жатыр. Бүгінде Алматы қаласының әкімдігі заңсыз жұмыс жүргізген құрылыс компанияларының тізімін жариялап отырумен ғана шектеледі. Негізі, сол тізімдегі әр компания жауапкершілікке тартылуы тиіс. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 23,4 мың пәтер, оның ішінде 12 мың пәтер бекітілген бағамен сатылды, – дейді басқарма төрағасының орынбасары Олжас Салықов.

Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының қарауындағы баспананың жалпы құны шамамен 18,8 млрд теңгені құрайды. Ал пәтер саны – 816. Жобалар бойынша алты өтінім бар. 

Қолданыстағы кепілдіктер бойынша ақпарат ҚР «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңының талаптарына сәйкес www.khc.kz интернет-ресурсында орналастырылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы