Елімізде 700 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
Сондай-ақ ол елімізде мүгедектігі бар қанша адам тұратынына тоқталды.
Қазіргі таңда Қазақстанда 700 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 60%-ы – еңбек жасындағы азаматтар. 26%-ы – зейнет жасында. Тағы 14%-ы – балалар. Олардың қоғаммен етене араласуын қамтамасыз ету үшін жүйелі шаралар қабылдануда, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, Мемлекет басшысы мүгедектігі бар азаматтарға қатысты заңды қабылдады.
Президент мүгедектігі бар азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін қосымша шаралар қабылдауды көздейтін заңға қол қойды. Заңның орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тамыз айының соңына дейін 300-ден астам заңға тәуелді акті өзектендіріледі. Жалпы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту 2009 жылдан басталып, кезең-кезеңмен іске асырылып келеді. Қазіргі таңда мүгедектікті белгілеуге өтініш білдірген азаматтар мен қоғам тарапынан куәландыру процесінің ашықтығына қатысты шағым өте көп айтылады. Осы проблеманы шешу үшін тиісті істер атқаруды қолға алдық, - деді Тамара Дүйсенова.