Елімізде 700-ге жуық мектеп кітапханасы жөндеуден өтеді

Қазақстанда шағын қалалар, аудан орталықтары мен елді мекендердегі 1000 мектепті жаңғырту жобасы жалғасып жатыр. Аталған жоба аясында 2025 жылы 700-ге жуық мектеп кітапханасы жөндеуден өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Осы бастаманың нәтижесінде шамамен 300 мың оқушы заманауи, қолайлы және цифрлық мүмкіндіктермен жабдықталған кітапханаларды пайдалана алады.

Мемлекет жыл сайын білім беру инфрақұрылымын жақсартуға қомақты қаражат бөліп келеді. Қазір кітапханаларда автоматтандырылған жүйелер енгізілуде, коворкинг-аймақтар ашылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жиһаздар да жаңартылып жатыр, - деді Инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Роза Сембаева.

Қазіргі уақытта мектеп кітапханаларында RFID технологиясы енгізіліп, кітаптарды автоматты тіркейтін және жедел іздейтін жүйелер орнатылуда. 20-дан астам кітапханада сканерлеуші роботтар жұмыс істей бастады. Ал «Балалар кітапханасы» жобасы аясында 2023 жылдан бері мектеп кітапханаларының қоры 1,6 миллион дана көркем әдебиетпен толықты. Жалпы кітап қоры бүгінде 141 миллион данадан асты.

Сондай-ақ, кадр даярлау ісі де назардан тыс қалған жоқ. 2024 жылы 1 775 мектеп кітапханашысы біліктілігін арттырса, 2025 жылы бұл жұмыс жалғасын табады. Бұл – мектеп кітапханаларын балалар үшін білім мен тұлғалық дамудың жаңа орталығына айналдыру бағытындағы маңызды қадам.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы