Елімізде 7 баласы бар аналар мемлекеттен 2 млн теңге алады

Мемлекет көпбалалы аналарға бюджеттен жәрдемақының бес түрін төлейді. Мысалы, 7 баласы бар аналар мемлекеттен бір жылда 2 млн теңге алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Балалы отбасыларға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі:

- жүктілік пен босану бойынша әлеуметтік төлем;

- бала туғанда төлем;

- бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақы;

- мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған жәрдемақы.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында елімізде көпбалалы отбасыларға көрсетілетін қолдау жүйесі жайлы түсіндіріп берді.

Биыл республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылардың 5 түрін және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемнің 2 түрін төлеуге 1,5 трлн теңге қаражат бөлінді. Биыл 1 қазандағы жағдай бойынша бұл төлемдерді 2,3 млн астам адам алды, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға жоғары. Осылайша, мемлекеттің азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелері жыл сайын өсіп келеді, - делінген ресми жауапта.

Сондай-ақ көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік жәрдемақы отбасындағы балалар санына қарай сараланған мөлшерде төленеді.

Олар:

- 4 баласы бар отбасыларға – 59 183 теңге;

- 5 баласы бар – 73 988 теңге;

- 6 баласы бар – 88 793 теңге;

- 7 баласы бар – 103 598 теңге;

8 және одан да көп балалары бар отбасы үшін – әр балаға 14768 теңгеден қосылады.

Бұдан басқа, бес және одан да көп баласы бар отбасылар (2020 жылы – 8,4%, 2024 жылы – 9,8%) үлесі мен наградталған аналар санының (2020 жылы – 232 320 адам, 2024 жылы – 237 636 адам) соңғы 5 жылда өскен. Бұл қолданыстағы әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігін білдіреді.

“Басқа елдерде мұндай төлем жоқ”

Басқа елдерде наградталған аналарға ай сайынғы мерзімді төлемдер қарастырылмаған, Ресей Федерациясында, Беларусьта, Түрікменстанда наградтаған кезде біржолғы төлемдер ғана бар, ал Қырғызстан мен Тәжікстанда мұндай төлемдер жоқ.

Балалы отбасыларға берілетін төлем түрі бірнешеу екеніне қарамастан, қоғамда жәрдемақы мөлшері төмен деген пікір жиі талқыланып тұрады, себебі жәрдемақының әр түрі дербес төлем ретінде қабылданады.

Ал егерде оларды жиынтық төлем ретінде алатын болсақ, мысалы, 2024 жылы 7 баласы бар отбасына ай сайын 163 778 теңге, яғни 1 жыл ішінде бюджеттен 2 млн теңгеге жуық қаражат беріледі (1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне – 32 859 теңге, көпбалалы отбасына – 103 598 теңге, «Алтын алқамен» наградталған анаға – 27 321 теңге), - делінген жауапта.

Сонымен қатар көпбалалы отбасы мәртебесі уақытша берілетінін және үлкен баласы 18 жасқа немесе күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын болса, 23 жасқа толған соң мұндай санаттан шығарылады.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, заңнамалық деңгейде кіші баланың жасын 1 жас деп бекіту нормасы бірқатар мемлекеттерде қолданылады. Мысалы, Беларусь Республикасында көпбалалы ананы марапаттау кіші баласы 1 жасқа, Ресей Федерациясында 3 жасқа, Украинада 8 жасқа толғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.

Мемлекеттік наградаларға Ресей мен Қырғызстанда кемінде жеті бала тәрбиелеген әйелдер, Түркіменстанда сегіз және одан да көп бала тәрбиелеген әйелдер үміткер бола алады.

Ал Қазақстанда алты бала тәрбиелеген ана «Күміс алқаға», жеті баласы бар ана «Алтын алқаға» ұсынылады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Мәжіліс депутаттары көпбалалы отбасыларға көрсетілетін қолдауды қайта қарау қажеттігін айтып, ұсыныс жолдаған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы