Елімізде 7 әуе кемесі ұшу құқығынан айырылды
25 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның алдын ала қорытындысы көлік вице-министрі Талғат Ластаев өткізген кеңесте айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жалпы мақсаттағы авиация пайдаланушыларының 31 әуе кемесіне тексеру жүргізіп, азаматтық авиация саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарының сақталмағанын анықтады. Нәтижесінде 7 жеңіл ұшақтың ұшуы уақытша тоқтатылды.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі заңнамада белгіленген өкілеттіктер аясында ЖМА операторларының қызметіне, оның ішінде жеке тұлғалардың заңсыз ұшулар туралы өтініштері бойынша, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы және әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға мониторинг жүргізу арқылы жұмысты жалғастыруда.
Соңғы кездері әлеуметтік желілерде (Instagram, TikTok, Telegram)«эксклюзив», «экскурсия» және басқа да рейстерге арналған жарнамалар жиілеп кетті, ал олардың көпшілігінде арнайы рұқсаттар жоқ.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға ақылы немесе жалдамалы әуе тасымалдарын, авиациялық жұмыстарды орындауға тыйым салынғанын ескертеді. Талаптарды бұзған операторлар заңда көзделген жауапкершілікке тартылады.
Бұған дейін Ақмола облысында жалпы мақсаттағы авиация желісі бойынша ұшуды орындау кезінде Aerostar R40F UP-LA229 жеңіл моторлы әуе кемесі апатқа ұшырағанын хабарланғанбыз.
Оқиға салдарынан ұшқыш пен жолаушы қаза тауып, полиция қылмыстық іс қозғады.
Үш баланың анасы қаза тапқан оқиғадан кейін жеке авиацияға бақылау күшейтілетіні хабарланды.
Әйелдің артында 3 баласы қалды. 19 жастағы қызы және кәмелетке толмаған екі ұлы – 12 және 14 жаста. Былтыр балалардың әкесі өмірден өткен.
Сондай-ақ, сол әуе апатына ұшыраған ұшақтың видеосы жарияланды.