Елімізде 6 293 ауыл бар
2023 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш бойынша республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар, онда 7,8 млн жуық адам тұрады.Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осындай мәлімет келтірді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
«Ауыл-ел бесігі» жобасын іске асыру үшін елдегі ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90 пайыз қамтылған 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алынды, - деп мәлімдеді Қуантыров.
Министрдің айтуынша, ауылдарды дамыту жұмысы 2019 жылдан бастап «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді.
Жобаның мақсаты - инфрақұрылымды жаңғырту есебінен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу. Ол үшін 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылды. Атап айтқанда, 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілері, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым объектілері және 2,2 мың көлік инфрақұрылымы объектілерін жаңадан салуға және жөндеуге мүмкіндік берді, шамамен 30 мың жұмыс орны құрылды.
Қуантыровтың дерегінше, 2022 жылы 577 ауылдық елді мекенде 1 мыңнан астам жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлінді.
Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыс әкімдіктері бөлінген қаражаттың 94 пайызын игерген. Қаражаттың жоғары игерілуі Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында байқалды. Сонымен қатар, қаражаттың ең төмен игерілуі Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысында тіркелді. Аталған мәселелерді шешу үшін Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп жобалардың тізімін қалыптастырды, - деді Әлібек Қуантыров.
Ол алдағы уақытта республикалық бюджетті нақтылау барысында тиісті өтінім ұсынылатынын атап өтті.
Оның ішінде жаңадан құрылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарына ерекше көңіл бөлу ұсынылады. Министрлікпен жыл сайын ауылдардың өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізіледі. Өңірлік стандарттар жүйесінің мақсаты – ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту және қолдау арқылы ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасау, - деді ведомство басшысы.