Елімізде 594 бірлік бордақылау алаңдары жұмыс істейді – АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бордақылау алаңдары ет өндірісінің технологиялық тізбегінің негізгі қатысушыларының бірі болып табылады және елдің ет индустриясын дамытуда маңызды рөл атқарады. 

Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытудың ұзақ мерзімді жоспарларына байланысты қолда бар өндірістік қуаттарды жаңғырту және мал өсіру мен бордақылауға инвестициялар салу қажеттігі туындайды. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 594 бірлік бордақылау алаңдары жұмыс істейді. Олардың өндірістік қуаты 50-ден 20 мың мал орнына дейін, жиынтық қуаты 425 мың мал орнына дейін сараланады. Бұл ретте, 2021 жылы фермерлер бордақылауға 195,8 мың бас өткізген, нақты жүктелім 46% - ға жетті, бұл одан әрі дамудың қолда бар әлеуетін көрсетеді.

Министрлік жүргізген талдау көрсеткендей, бордақылау алаңдарының жүктелуінің негізгі үлесі 1000 мал орнының санатына жатады. 2021 жылы қуаты 342,0 мың мал орны болатын 142 бордақылау алаңдарына 145,0 мыңнан астам бұқа жеткізілді. Осы санаттағы бордақылау алаңдарының нақты жүктемесі 43%-ды құрады, бағалау бойынша 32,0 мың тонна ет өндірілді. 

Бұдан басқа, инвестициялық салымдар кезінде мал бордақылауға арналған объектілерді құру және кеңейту кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жабдықтарға жұмсалған шығындардың 25%-на дейін өтеу көзделген. АӨК мемлекеттік қолдау жүйесін қайта қарау аясында жалпы субсидиялау қағидалары мен нормаларына өзгерістер енгізіледі.

Сонымен қатар, фермерлерге кредит беру саласында тиімді бағдарламалар жұмыс істейді. Олар негізгі құралдарды сатып алуға және толықтыруға, нысаналы мақсаты мен қаржыландыру көздеріне байланысты 120 айға дейінгі және жеңілдікті кезеңі 12 айдан 36 айға дейінгі құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін 10% дейін субсидиялау қарастырылған.

АӨК дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде ет, сүт, дәнді және майлы дақылдар, жемістер, көкөністер, қант өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйені қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру және қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, АӨК өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту есебінен 1 млн ауыл тұрғындарының табысын тұрақты арттыру бойынша шаралар қамтылды.

Жалпы, етті мал шаруашылығын дамыту әлеуеті жоғары өңірлерде, атап айтқанда, ірі қара мал басының санын ұлғайту және ет өндірісінің өзіндік құнын төмендету мақсатында маусымдық жайылымдық бордақылауды жүргізу үшін жайылымдардың бос алаңдары бар өңірлерде бордақылау алаңдарының инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы