Елімізде 500 мыңнан астам адам ұлттық спортпен айналысады
Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 500 мыңнан астам адам (584,1 мың) ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысады немесе республика бойынша дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатындардың жалпы саны - 8,2 пайыз. Жүйелі түрде спортпен және дене шынықтырумен шұғылданатын ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың саны 50 мыңнан астам адам (51,3 мың) немесе 16 пайыз, - деді Жарасбаев министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Оның атап өтуінше, салауатты өмір салтын насихаттау аясында өткен жылы республикада VII Халық ойындары, IV ауыл жастары ойындары, «Қолжетімді спорт» жобасының II кезеңі, «Тұран Барысы» Азия кубогі, «Ұлы дала жорығы» бірінші республикалық бәйге марафоны сияқты 25 мыңнан астам спорттық іс-шара өткізілді.
Бұл шаралар 1,2 миллион адамды қамтыса, оның 500 мыңы ауылдық жерлерде. Жалпы республика бойынша халықты дене шынықтырумен және спортпен қамту 38,5 пайызды немесе 7,5 миллион адамға дейін жетіп отыр. Республикада Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында жоғары сапалы спорт инфрақұрылымын құру бойынша ұдайы ауқымды жұмыстар атқарылуда, - деді Серік Жарасбаев.