Биыл 450 мыңға жуық бала мектепке дайындалуға қаржылай көмек алады
Бір балаға берілетін көмектің ең төменгі мөлшері 50 851 теңгені құрайды.
2026 жылғы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алуға қаржылай көмек көрсетіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.
2026-2027 оқу жылы қарсаңында бұл қолдау 450 мыңға жуық баланы қамтиды. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге бөлінген.
Бір балаға берілетін көмектің ең төменгі мөлшері 50 851 теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай кейбір өңірлерде төлем көлемі бұдан да көп болуы мүмкін.
Қаржылай көмек жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушыларға беріледі.
Төлемді алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер қажетті құжаттарды баланың білім беру ұйымына тапсыруы тиіс.