Елімізде 288 мың адамның алимент бойынша қарызы бар

Олардың 277 мыңы ерлер болса, 11 мыңнан астамы әйелдер. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Әділет вице-министрі Даниель Ваисов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір 143 мың адамнан алименттер уақытылы өндіріліп жатыр, яғни борышкердің жұмыс орнынан ай сайынғы тиісті төлемдер ұсталынып келеді. Ал проблемалық алименттердің саны 12 мыңды құрап отыр, олар бойынша берешектің ортақ сомасы 17 млрд теңгені құрайды. Бұл азаматтар өз қарыздарын мүлдем өтемей жатыр.

Жалпы биыл алимент бойынша өндіріп алынған берешек сомасы 7 млрд.теңгеден асады. Алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеп орындау шараларынан басқа, сот орындаушылары ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, борышкерлердің автокөліктерін арнайы айыппұл тұрағында ұстау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді. Сосын ол техникалық құралдар бағаланып, сатуға шығарылады - дейді Даниель Ваисов.

Сондай-ақ борышкерлердің алимент бойынша берешегін өндіріп алу үшін олардың жасырын кірістерін анықтау жұмыстары да жүргізіліп келеді.

Ал борышкердің тұрақты жұмыс орнының не табысының болмауына байланысты проблемалық мәселелерді шешу мақсатында қарызы бар азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бойынша шаралар өткізіледі.

Сондай-ақ сот орындаушылары атқарушылық құжаттарды орындамаған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапгершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдауда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ОКҚ
Өзгелердің жаңалығы