23 Қазан 2026, 18:48 Фото: depositphotos.com

Елімізде 21 уақытша сақтау қоймасының қызметі тоқтатылды

Көлік прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде еліміз бойынша уақытша сақтау қоймаларының (УСҚ) қызметінде кеден заңнамасының жүйелі бұзушылықтары анықталды. Тексеру барысында бірқатар қойманың белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болды.

Бас прокуратураның мәліметінше, кейбір уақытша сақтау қоймаларында тізілімге енгізу үшін қажетті инфрақұрылым болмаған. Атап айтқанда, теміржол жолдары, бетон төсемдер, бақылау-өткізу пункттері, бейнебақылау камералары мен қоршаулар қарастырылмаған.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде 21 қойманың қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар олардың иелеріне қатысты 23 әкімшілік материал толтырылды. Анықталған кемшіліктерді жою және қоймалар жұмысын ретке келтіру мақсатында Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық бөлімшелеріне де тиісті ұсыныстар берілді. Олар қоймалардың жұмыс сапасын арттыруға және қызметін бақылау тетіктерін жетілдіруге бағытталған, – делінген Прокуратураның баспасөз қызметі хабарламасында.

Уақытша сақтау қоймаларының талапқа сай жұмыс істеуі жүктерді өңдеу жылдамдығына, тауар айналымының үздіксіздігіне және тасымалданатын өнімдердің сақталуына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігі елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруда да маңызды рөл атқарады.

Көлік прокуратурасы кеден саласындағы заңдылықтың сақталуына бағытталған қадағалау жұмыстарын жалғастыруда.