Елімізде 20 мыңнан астам шетелдікке жұмыс істеуге рұқсат берілген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тартуға 20 мың 557 рұқсат берілген, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, оның ішінде бірінші санатқа (басшылар мен олардың орынбасарлары) 816, екінші санатқа (құрылымдық бөлімшелердің басшылары) 4 595 рұқсат шығарылды. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттардың көп бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмыскерлер) санаттарына берілді, бұл сәйкесінше 9 656 адам және 1 769 адам болады. Сондай-ақ, маусымдық жұмыстарға – 2 156, корпоративтік ауысым аясында 1 565 адам тартылған.

Қазіргі таңда Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 2 210 жұмыс беруші бар. Оларда Қазақстанның 518,8 мыңға жуық азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ын құрайды.

Еңбекші мигранттардың негізгі шыққан елі Қытайдан – 4 397 адам, Өзбекстаннан – 2 254 адам, Үндістаннан – 1 819, Түркиядан – 1 845, Ұлыбританиядан – 1 420 адам бар, - делінген хабарламада.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді.

Биыл шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы республиканың экономикалық белсенді халқының 0,54%-ы (шамамен 48,7 мың адам) деңгейінде белгіленді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы