Елімізде 2 мыңға жуық адам «қандас» мәртебесін алды
«Бірыңғай терезе» қағидаты бойынша жаңа механизм арқылы 2 мыңға жуық адам «қандас» мәртебесін алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, СІМ шет елдердегі мекемелері арқылы «қандас» мәртебесін алудың жаңа тетігін іске асыру жөніндегі пилоттық жоба шеңберінде «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша 656 отбасындағы 1997 этникалық қазақтан өтініштер қабылданды. Этникалық қазақтардың бұл өтініштері Қазақстанның солтүстік өңірлеріне жолданды.
Өтінішдерді қабылдап алған жергілікті атқарушы органдар оларды қарастыруы және тұрақты қоныстану орны, жұмысқа орналасу және өңірлік квотаға енгізу бойынша ұсыныстарын беруі тиіс.
Этникалық қазақтарды қабылдау тетігін қайта қарау ҚР 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жүргізілді.
Өзгерістердің Қазақстан елшіліктері арқылы құжаттарды қабылдаудың жаңа форматына ғана емес, қандастарды қоныстандырудың мына механизмдеріне де қатысы бар, атап айтқанда:
- ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныстандыру;
- демографиялық дамуға қажеттілігі бар даму әлеуеті бар агломерациялар мен ауылдық елді мекендердің, шағын және моноқалалардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың аумақтарында қоныстандыру;
- Қазақстан аумағында және ҚР азаматтары болып табылатын отбасы мүшелері немесе жақын туыстары тұрақты тұрған жағдайда (тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігімен) отбасымен қауышу;
- бос жұмыс орнына орналасу мақсатында (тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігімен) жұмыс берушілердің шақыруы.