Елімізде 16 сағаттық марафон алғаш рет өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан 16 сағаттық «Референдум» атты онлайн марафон туралы іс-шараның басты ұйымдастырушыларының бірінен сұрап білдік.

Бұл – еліміздегі инфотейнмент форматындағы ең алғашқы 16 сағаттық онлайн марафон. Бұл шараға 1200-ден аса қонақтар шақырылған. Олардың қатарында саясаткерлер, депутаттар, сенаторлар, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, халық артистері, актерлар, әншілер, сарапшылар, әзілкештер бар. Сондай-ақ 16 сағаттың ішінде 300-ден аса спикер дискуссияға қатысады. Іс-шараны 23 әйгілі тележүргізуші жүргізеді. Ұйымдастырушы ұлттық арна болса да, барлық арна атсалысып жатыр, – деді «Қазақстан» телерадиокорпорациясының PR директоры Азамат Исаев.

Марафонда әр сағат сайын халықаралық және отандық сарапшылардың қатысуымен өтетін брифингтер мен дискуссия алаңдарында экономика және саясат, телеарна және интернет, қайырымдылық пен қамқорлық, фейк ақпараттар, жаһандану, саясаттағы әйелдер рөлі, кибербуллинг сияқты тақырыптар талқыланып жатыр.

«Ашық микрофон» айдарында марафонға қатысушылар журналистер сауалына жауап беруде.

Айта кетейік, марафон тікелей эфирде барлық әлеуметтік желілерден көрсетіліп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ғазиз ШАКИРОВ
Өзгелердің жаңалығы