Елімізде 100-ден астам әскери қызметші парашютпен секірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Талдықорған гарнизонында 100-ден аса мерзімді қызметтегі әскери қызметші Ми-17 тікұшағынан өздерінің алғашқы парашютпен секіруін орындады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, олардың барлығы парашютпен секіру, жауынгерлік дайындық бағдарламасының айнымас бөлігі болып табылатын десанттық-шабуылдаушы әскерде қызмет атқаруда. Бір ай көлемінде бірінші десанттық-шабуылдаушы батальонының мерзімді қызметтегі әскери қызметшілері арнайы кешенде бастапқы әуе-десанттық дайындықтан өтті. Олар парашют жүйесінің құрылымын, оның тактикалық-техникалық сипаттамаларын, негізгі және қосымша парашютті салудың ретін, сондай-ақ жерүсті секіру элементтерін пысықтауды орындады.
Әуе-десанттық дайындық бойынша бірінші десанттық-шабуылдаушы батальоны командирінің орынбасары майор Данияр Сыздықов атап өткендей, секіру алдында әрбір әскери қызметшінің моральды-психологиялық жағдайы тексерілді. Себебі секіруге рұқсат алу үшін, психологиялық дайындықтан өту ең маңызды шарт болып табылады.
Қатардағы мерзімді қызметкер Жақсылық Маккемаден – бұл күні нағыз әскери десантшыға тән алғашқы парашютпен секіруін орындады.
«Бұл ерекше сезім, аспанмен астасқандай әсерде қаласың. Тікұшақ бортында қорқыныш қуанышқа ұласты. Мен аспанға көтерілдім. Бойымды адреналин шарпып, жан-дүниеңді де алып ұшқандай болады. Парашют ашылды. Енді міне, мен нағыз десантшы атандым», – деп бірден жерге түскеннен кейінгі сезімдерімен бөлісті ол.
Дайындық жоспарына сәйкес Десанттық-шабуылдаушы әскердің мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің жас толымдары кем дегенде екі рет парашюттен секіруді орындайды. Біріншісін жүзеге асырғанымен, ендігі кезекте десантты дайындаудағы маңызды бөлігі болып табылатын қарумен секіруді орындауға тура келеді.