Елімізде 10 млн-ға жуық адам індетке қарсы вакцина алған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады.
Оның айтуынша, бүгінгі күні КВИ-ге қарсы вакцинаның І компонентімен 9,7 млн астам адам қамтылған.
Ал екінші компонентін 9,0 млн астам адам алып үлгеріпті.
Вакцинациялауға жататын ересек халықтың 80,2%-ы немесе республика халқының 51,0%-ы бірінші компонентпен және 76,4% немесе 47,3%-ы екінші компонентпен қамтылған. Еліміздің екі өңірінде - Маңғыстау және Қостанай облыстарында вакцинациялаумен қамту 60%-дан төмен болып отыр, - деп атап өтті Ажар Ғиният.
Сонымен қатар министр Pfizer вакцинасын салдырушыларға тоқталды.
Вакцинациялауға жататын контингентті - жасөспірімдерді, жүкті және жас аналарды Pfizer вакцинасының 1-компонентімен қамту 28,2%-ды, 2-компонентімен вакцинациялауды қамту -15,1% -ды құрады. Жалпы вакцинациялау қарқыны қараша айында 7 мың болса, ал қаңтар айында вакцина алған адамдардың саны 30 мыңға дейін өсті, - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ халықты ревакцинациялау белсенді түрде жалғасып жатыр.
Ревакцинациямен қамту 37,0%-ды құрады. Яғни 1,1 млн астам адам қайта екпе салдырды. Ревакцинациямен 3,2 млн адам қамтылуы тиіс, - деп отыр Денсаулық сақтау министрі.