Елімізде 1,5 млн-нан астам адам жүрек ауруы бойынша есепте тұр
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Роза Қуанышбекова Дүниежүзілік жүрек күніне арналған брифингте айтты.
Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде 20 млн-ға жуық адам жүрек-қантамыр ауруларынан көз жұмады екен. Бұл Бейжің, Шанхай, Токио, Дельи сияқты ірі мегаполистің халқымен тең.
Қазақстандағы жүрек-қантармыры ауруларына келер болсақ жағдай мәз емес. Еліміздің әр 33-ші тұрғынында қан айналым ауру белгісі бар. Әр 12-ші адам артериялық гипертаниямен ауырады. 19 млн халықтың 1,5 млн-нан астамы артериялық гипертания бойынша диспансерде есепте тұр. Қазір жүрек ауруының 60 пайыздан астамын артериялық гипертания, жүректің ишемиялық ауруы құрайды,-деді Р. Қуанышбекова.
Оның айтуынша, бұрын жүрек-қантамыр аурулары ересек адамдарға тән болған, қазір онымен жастар да, тіптен балалар да ауырып жатыр екен.
Еліміздегі балалардың 30 пайызы артық салмақтан зардап шегуде және 50 пайыздан астамы өз жасына сай қозғалмайды. Спортпен тек 20-25 пайызы айналысады. Қазір жүрек ауруының алдын алу үшін бала кезден бастау керектігін көріп отырмыз. Елімізде жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу бойынша скрининктік шаралар өтеді. Одан 40 жастан асқан адамдар өту қажет. Созылмалы ауруы барлар үшін арнайы бағдарлама бар. Ол артериялық гипертания, созылмалы жүрек ауруы, қант диабетімен ауыратындар үшін,-деді профессор.
Сонымен қатар ол жүрек-қантамыр ауруларының неліктен белең алып бара жатқанын айтып өтті.
Біріншіден бұл өмір салтының өзгеруімен байланысты. Қазір біз аз қозғалатын болдық. Қозғалыстың аздығы гипомагниемия – бұлшық еттің бұрынғы күшінен, төзімділігінен айырады. Оған қоса денедегі артық салмақта жүрек ауруларына әкеледі. Қазір әлемде халықтың 30-40 пайызы артық салмақтан зардап шегуде. Бұл да алаңдататын фактор,-дейді кардиолог.
Сондай-ақ қазір тұтынып жатқан қорек заттарының алмасуы да жүрек ауруларына әкеліп жатыр екен.
Бұрынғы үй тағамдарының орнына жылдам әзірленетін, дайын өнімдер пайда болды. Бұл құрамында консерванттары жоғары фаст-фуд, балмұздақ сияқты өнімдер. Олар ағзадағы қорек алмасуды бұзып, инфаркт пен инсульттың туындауына әкеледі. Соңғы 10 жылда құрамында қанты жоғары газдалған сусынды тұтыну әлемде 10 есеге ұлғайған. Есесіне адамдар жеміс-жидекті аз тұтынатын болған. Оған қоса еліміз тұзды көп тұтынатын елдер қатарында,-деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Ұлттық банк коллекциялық монеталарды айналымға шығарады
Өзгелердің жаңалығы