Елімізде 1 300-ге жуық мектеп жаңғыртылады
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес таяудағы үш жыл ішінде Қазақстанда 1300-ге жуық мектеп реновацияланады, оның жартысынан көбі (54%) ауылдық жерлерде орналасқан, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жоба қазіргі заманғы білім беру стандарттарына сәйкес келетін тоғыз негізгі бағыт бойынша іске асырылуда.
Реновациядан өткізу мектептерді күрделі жөндеу, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, спорт залдарын салу немесе реконструкциялау, рекреациялық аймақтар мен қоғамдық кеңістіктерді жабдықтау, сондай-ақ жаңа қауіпсіздік жүйелерін енгізу көзделген.
Мемлекет жыл сайын мектеп инфрақұрылымын жақсартуға қаражат бөледі. 2025 жылы жаңарту 262 мектепті қамтиды, оның 141-і ауылдық жерлерде орналасқан. Жаңартылған ғимараттарда 200 мыңға жуық оқушы білім алады, - деп атап өтті инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Роза Сембаева.
Жұмыстар аясында шатырды ауыстыру, қасбеттер мен терезелерді жаңарту, инженерлік коммуникацияларды — жылыту, сумен электрмен жабдықтау, кәріз бен желдету жүйелерін күрделі жөндеу жоспарланған.
Сондай-ақ мектеп аумақтарын көркейту және көгалдандыру жүргізіледі.
Жоба үш жылға есептелген: 2025 жылы 262 мектеп жаңартылады, 2026 жылы – 436, 2027 жылы – 466.
Сонымен қатар 2028-2029 жылдары Жамбыл облысында тағы 67 мектепті жаңарту жоспарлануда.