Еліміз Қытайдан 200 маневрлік және магистральдық тепловоз сатып алады
Қазақстан Президенті CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцайды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцаймен кездесу барысында машина жасау және теміржол транспорты салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Бір белдеу, бір жол» форумы аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен СRRC арасында құны 1,3 миллиард доллар болатын ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылатыны жайында баяндалды. Аталған құжат бойынша 200 маневрлік және магистральдық тепловоздар сатып алу, сондай-ақ Қазақстанда инжиниринг және сервистік қызмет көрсету орталықтарын ашу қарастырылған.
Президент еліміздің озық технологияларды қолдану және теміржол техникасына қызмет көрсету орталықтарын ашу арқылы локомотивтер өндірісінің жергілікті үлесін арттыруға мүдделі екенін атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанның негізгі көлік-логистикалық хаб екенін айтып, сол арқылы CRRC компаниясының Еуразия кеңістігі мен Еуропа нарықтарына шыға алатынын жеткізді. Бұл ретте Мемлекет басшысы компанияның осы мақсаттарға 200 миллион доллар инвестиция құю ниетін құптады.
20 жыл бойы Сіздің корпорацияңыз елімізбен табысты ынтымақтастықта жұмыс істегені қуантады. Осы жылдар ішінде Қазақстан компаниядан 300-ге жуық жолаушылар вагоны мен локомотивтерді, сондай-ақ 6 мың жүк вагонын сатып алды. Қазақстанда компанияның өнімдері сапалы екенін көрсетті. Біздің серіктестігімізді жаңа деңгейге көтеруге барлық мүмкіндік бар екеніне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Сунь Юнцай Қазақстанның CRRC компаниясына көрсетіп жатқан қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Оның пікірінше, кәсіпорын Қазақстан нарығында қызмет еткен 20 жыл ішінде өзара тиімді ынтымақтастық жоғары деңгейге көтерілген.
CRRC Corporation Limited корпорациясы әлемдегі теміржол транспортының ең ірі өндірушісі саналады және әлемдік локомотив өндірісі нарығының шамамен 50 пайызы Қытай компаниясына тиесілі.