Еліміз Латвиямен агроөнеркәсіп кешенінде ынтымақтастық орнатады
Қазақстан мен Латвия Агроөнеркәсіп кешенінде ынтымақтастықты жандандыруға келісті, деп хабарлайды BAQ.KZ Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Қазақстан елшісі Дәурен Кәріпов Латвия Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Армандс Крауземен кездесуі барысында белгілі болды.
Кездесуде тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы қазақ-латвиялық ынтымақтастықты жандандыру бойынша пікірлерімен және ұсыныстарымен алмасты. Бұл ретте, екіжақты өзара әрекеттесудің перспективті бағыттары ретінде мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, балық және орман шаруашылығы белгіленді. Оларды іс-жүзінде дамыту үшін тараптар екі елдің агроөнеркәсіптік кешенінде шарттық-құқықтық негіздерін жуық арада калыптастыру мүмкіндіктерін пысықтау жөнінде келісті.
Бұдан басқа, тараптар биыл бірлескен кәсіпорындар құруға қызығушылықтарын танытты. Осыған орай қазақстандық дипломат министр А. Краузені 2024 жылы Қазақстанда жоспарланған халықаралық көрмелерге қатысуға шақырды.