Еліміз Финляндиямен орман саласында ынтымақтастықты арттырады

Қазақстанның Финляндиядағы елшісі Азамат Әбдіраимовтың бірқатар финдік компаниялармен және орман өнеркәсібіндегі бизнес өкілдерімен, сондай-ақ Кайяяни қаласының жергілікті басқару органдарымен кездесулер өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сыртқы саяси ведомство таратқан мәліметке сәйкес, маңызды кездесулердің бірі – ағаш кесу техникасын өндіру бойынша әлемдік көшбасшы "Ponsse" компаниясының басшылығымен кездесу болды. Кездесуде орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері және осы салада озық технологияларды енгізу үшін мүмкін болатын перспективалар талқыланды.

Сонымен қатар елші орман ресурстарын басқаруға мамандандырылған "Lahtinen Forest Oy" компаниясының басшылығымен кездесті. Тәжірибе алмасу және орман шаруашылығын тұрақты дамыту үшін инновациялық тәсілдерді тарту мүмкіндіктері қарастырылды.

Сондай-ақ сапар барысында Кайяяни қолданбалы ғылымдар университетінің ректоры (КАМК) Мати Саренмен кездесу өтті. 

Айта кетерлігі, КАМК – технологиялар, бизнес, денсаулық сақтау сынды салаларда жоғары білікті мамандарды даярлау бағытында белсенді жұмыс істейтін білім беру мекемесі.

КАМК ректорымен кездесуде Қазақстан мен Финляндия арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға бағытталған академиялық алмасу перспективалары мен білім беру саласындағы ынтымақтастық бағдарламалары талқыланды. Сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы