Еліміз бойынша өкпені жасанды желдететін 866 аппарат таратылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі таңда ел өңірлеріне 866 өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараты жеткізілді.

Сондай-ақ, 494 данасы тиісті жерлеріне жіберіліп, 140 аппарат дайын тұр.

Аппараттардың барлығын биылғы 15 қазанға дейін жеткізіп, іске қосу жоспарланған.

Қазақстанда мемлекеттің қатысуымен «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС (Нұр-Сұлтан қаласы) және «Тыныс» АҚ (Көкшетау қаласы) кәсіпорындары өкпені жасанды желдету аппаратын шығарады.

Бұл кәсіпорындар - «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының еншілес ұйымдары. 

Коронавирус пандемиясына байланысты елде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға орай ӨЖЖ аппараттарының жетіспеушілігін ескеріп, «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС қысқа уақыт ішінде өкпені жасанды желдететін стационарлық аппараттар өндірісін игерді.

Ал «Тыныс» АҚ «Көкшетау-4П» ӨЖЖ 680 мобильді аппаратын шығарып, медициналық мекемелерге жеткізді.

Медицина мамандарының пікірінше, ӨЖЖ аппараты қолдануға ыңғайлы, сенімді және электр қуатына тәуелді емес.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты айына 500 ӨЖЖ аппаратын шығаруға жетеді.

Одан бөлек, «Тыныс» АҚ «Көкшетау 3» ӨЖЖ портативті аппараттарын, сондай-ақ  медициналық бұйымдардың түрлі номенклатурасын, оның ішінде көп реттік бетперделерді, мүгедектерге арналған арбаларды және т.б. шығарады.

Бұл кәсіпорындардың негізгі қызметі Қазақстан Республикасының және өзге де елдердің Қарулы Күштерінің қажеттіліктері үшін жоғары технологиялық өнімдер шығаруға бағытталған. Ал ӨЖЖ аппараты өндірісі медициналық мекемелердің қажеттіліктері үшін мемлекеттік тапсырыс аясында жолға қойылды.

Кәсіпорындар қосымша қажеттілік туындаған жағдайда медициналық техника мен кез келген өнімді қажет мөлшерде өндіріп, жеткізе алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы