Төтенше жағдай. 30 көліктік бақылау бекеті тәулік бойы жұмыс істейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ИИДМ Көлік комитетінің көліктік бақылау органдарының қызметкерлері жұқпалы індеттің қауіптілігіне қарамастан санитарлық қауіпсіздікті сақтай отырып, республика автожолдарында 30 көліктік бақылау бекеттерінде тәулік бойы бақылау жүргізіп келеді.

Олар сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) сыртқы шекарасындағы автомобиль өткізу пункттері мен Ресеймен өткізу пункттері жанында, сондай-ақ, карантиндік аймақтардың бақылау бекеттерінде өз міндеттерін атқарып жатыр.

Осы мақсатта бекеттердің қызметкерлері қажетті жеке қорғаныс құралдарымен және залалсыздандыру құралдарымен қамтамасыз етілді.

Төтенше жағдай басталғаннан 28 сәуірге дейін бекеттерде 9 889 автокөлік тексеріліп, 1 768 бұзушылық анықталды, 3 327 қазақстандық рұқсат бланкісі мен ЕАЭО сыртқы шекарасынан келіп түскен 952 хабарлама рәсімделген, сондай-ақ 54 млн. теңгеден астам айыппұл және 16 млн. теңгеден астам сомада алымдар өтелді.

Бұдан басқа, Комитеттің Ахуалдық орталығының кезекшілері көліктік бақылау бекеттерінің жұмысына тәулік бойы мониторинг жүргізуде. Оның ішінде көлік-коммуникациялық кешендегі штаттан тыс жағдайлар мен қауіпті өндірістік объектілердегі апаттар туралы 122 жедел хабарландыру бойынша ақпарат ұсынылған (автомобиль көлігі саласында - 27, темір жол көлігінде - 95).

Сондай-ақ, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің деректері бойынша автокөлік құралдарын және жеке тұлғаларды мемлекеттік шекара арқылы өткізу бойынша күнделікті талдау жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша 850-ден астам автокөліктің транзиттік қатынаста жүктерді халықаралық тасымалдағаны белгілі болды.

Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде карантиндік шектеулерге байланысты Көлік комитеті ағымдағы жылдың 15 сәуірінен бастап жүктерді автокөлікпен тасымалдауға арналған қағаз рұқсат беру құжаттарын электрондық форматқа ауыстырды. Бұл шаралар жылына 65 мыңнан астам А4 форматтағы қағазды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта көліктік бақылау бекеттерінде электронды арнайы рұқсат құжаттарын тексеру көліктік деректер базасының ақпараттық-талдау жүйесінің көмегімен жүзеге асырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы