Еліміз аман болу үшін бірлігіміз бекем болу керек – ректор
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның қорытынды отырысында сөз сөйледі. Осыған орай М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, п.ғ.д., профессор Махметғали Сарыбеков өз ойымен бөлісті.
Соңғы уақыттағы атқарылған шаруалар мен қабылданған шешімдер туралы кеңінен сөз қозғады. Сондай-ақ, ең басты мәселе - экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша іс-әрекеттер жоспарымен бөлісті. Президент бұған дейінгі үндеуінде төтенше жағдай режимі 11-мамырдан бастап жеңілдетілетінін айтқан болатын. Соған орай біршама кәсіпорындар мен мекемелер өз жұмыстарына кірісті. Дегенмен, сақтық шаралары мен санитарлық нормаларды сақтау маңыздылығы төмендеген жоқ. Бұл жолы да Президент әр адам өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қарау керектігін баса айтты – дейді ректор.
Пандемия салдарынан әлем экономикасы айтарлықтай деңгейде құлдырағаны мәлім. Алда үлкен дағдарыс боларын да әлем сарапшылары айтып жатыр.
Десе де, мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздің қаржы резерві жеткілікті екенін және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндікке орайлас екенін айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы сөйлеген сөзінде дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі ел дамуының басымдықтарына тоқталды. Негізгі күш азаматтардың табысын арттырып, бизнесті қолдау мен дамытуға және білім, ғылым жүйесін жетілдіруге бағытталу керегін жеткізді. Жуық арада шешілуі керек мәселелерге тоқталды. Яғни, экономиканы қалпына келтірудегі жасалатын шаралар, ауылшаруашылығын қолдау мен қаржыландыру, жұмыспен қамту мәселесі, тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, салық төлеудің жаңа тәртібі сынды мәселелер айтылды – дейді профессор.
Ел Президенті Азаматтарды қолдау мен бизнесті дамытуға арналған шараларды жүзеге асыру үшін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатқанын айтты. Жүйелі жоспар арқылы дағдарыстың күрделі кезеңінен өтіп, еліміздің экономикасы дамиды деп сенемін.
COVID-19 пандемиясы әлем халқы үшін үлкен сабақ болды. Қай саланы әлі де дамыту керегін нақты көріп, байқап отырмыз. Президент өз сөзінде білім жүйесінде қашықтан оқыту бойынша әлі де жұмысты жетілдіру керегін айтты. Осы тұста М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жағдайға тез бейімделіп, нақты жұмыстар жүргізіп, студенттерді қашықтан оқытуға дер кезінде көшкенімізді айта кеткім келеді. Бірнеше рет түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шығып студенттердің сұрақтарына жауап беру арқылы арадағы түсініспеушіліктерді жоя білдік. Бүгінде студенттеріміз жазғы сессия емтихандарын сәтті тапсырып жатыр – деді ол өз сөзінде.
Махметғали Сарыбеков өз сөзінде Мемлекет басшысының Мақтааралда топансудан тұралаған халықты да естен шығармағанын айтты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі үндеуінде 1-мамыр күні орын алған тасқын жайлы да сөз қозғады. Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысында су тасқыны болды. Осындай апат жағдайында ел ішінен жаны жомарт жандар табылғаны баршамызды ерекше қуантты. Қиындыққа душар болған халықты қолдап, қайғысын жеңілдетіп, барымен бөлісіп, қаражатпен көмектескен азаматтар жайлы естіп жатырмыз. Бұл, әрине үлкен адамдықтың белгісі. Осындай әлем үшін, еліміз үшін қиын кезеңде әр азамат өз мүмкіндігінше қолдау білдіруі, елінің патриоты болуы аса маңызды. Іргеміз берік, еліміз аман болу үшін бірлігіміз бекем болу керек – дейді ол.